Таразда қарсы жолаққа шығып кеткен автобус 10 көлікпен соқтығысты

Qaz365.kz редакциясы

Қажетті сараптамалар тағайындалды

Фото: t.me/vtvs_taraz

Таразда жолдың қарсы бетіне шығып кеткен автобус 10 көлікпен соқтығысты. Оқиға қаланың қақ ортасындағы негізгі жолдың бірі саналатын Төле би көшесінде, банк бөлімшесінің жанында болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «В Таразе всегда солнечно» Telegram арнасына сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі жол-көлік оқиғасы бүгін, 4 қаңтарда сағат 10:45 шамасында тіркелген.

«Тараздағы Төле би даңғылымен келе жатқан №56 маршруттық автобусының 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан тұрақта тұрған көліктермен соқтығысқан (10 бірлік автокөлікпен). Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 10 жолаушы болғаны анықталды. Олардың бірі – жарақат алған 56 жастағы әйел, қалалық ауруханаға жедел жеткізілді», – делінген полиция хабарламасында.

Аталған факт бойынша автобус жүргізушісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қажетті сараптамалар тағайындалды. Жол-көлік оқиғасы болған жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.