Құтқару жұмыстары жалғасуда
Оралда жарылыс болған дәмхананың қирандылары астынан қаза тапқан үшінші адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановтың мәліметінше, оқиға орнынан қалалық көпбейінді ауруханаға 6 адам жеткізілген. Біреуі амбулаториялық емге жіберілген. Жеңіл күйік алған бір адам осы аурухананың травматология бөліміне жатқызылды.
«4 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Арасында бір науқастың оң иығы сынған. Миы шайқалған. Қалған үшеуінің денесін 15%-дан 52%-ға дейін күйік шалған. Жағдайы өте ауыр», – дейді Ерлан Тоқсанов.
Зардап шеккендердің екеуі Өзбекстан азаматы. Ауруханада жатқан бес адамның үшеуі ер, екеуі әйел адам.
Бұған дейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жарылыс болған жерден екі адамның мәйіті табылғанын хабарлаған болатын.