«Майқайыңалтын» шахтасындағы апат: Екі адам әлі табылмай жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеп жатыр

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облысында «Майқайың-алтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде пост жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырудамыз. Оқиға орнында менімен бірге ТЖ вице-министрі және басқа да қызметтер бар. Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеуде, өйткені құлау шекаралары тұрақсыз, әлі де пайда болған шұңқырда тастар мен топырақтың сырғуы жүруде», – деді облыс әкімі.

Оқиға орнында барлығы 116 адам, 23 техника жұмылдырылды. Бүгін таңғы сағат 06:00-де Астана қаласы ТЖД кинологтар бригадасы келіп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті.

Әкімнің айтуынша, қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан әрбір отбасына 4.5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетін болады.

«Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады», – деді ол.

Әкім іздеу-құтқару жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Еске салайық, 4 қаңтарға қараған түні «Майқайың-алтын» кенішінде төтенше жағдай болды. Шахта жанында жер опырылып, 4 адам мінген автобус тереңдігі 150 метр шұңқырға құлап кеткен.

Апат кезінде автобуста 4 адам болған. Олар – апаттық-құтқару қызметі облыстық филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші.

4 қаңтарда іздестіру-құтқару жұмыстары барысында екі құтқарушының денесі табылды.