Ол мемлекет пен заңды тұлғаларға 94 миллион теңге залал келтірген
Астана тұрғыны қасақана банкротқа ұшырағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, «Ф» ЖШС-нің нақты иесі бола отырып, кәсіпорынды жақын туысына тіркеп, өз кәсіпорны атынан жалпы құны 331 миллион теңгеден асатын 18 көлік құралын, сондай-ақ 26 миллион теңгеден аса сомаға ақшалай қаражат шығарған азамат А.-ның қасақана банкроттығы анықталғаны хабарланды.
«Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша сот азамат А.-ға мемлекет пен заңды тұлғаларға 94 миллион теңге залал келтірген қасақана банкроттық үшін үкім шығарды», – делінген Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарламасында.
Комитет қасақана (жалған) банкроттық белгілері анықталған жағдайда құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын және кейіннен банкроттың борыштары, яғни кредиторлар алдындағы меншікті мүлкі бойынша субсидиарлық жауаптылықта болатынын еске салды.