Қазақстанға қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамай ісін тергеу бойынша Британия Парламенттік Комиссиясы келді

Qaz365.kz редакциясы
Facebook/ Zhanbolat Mamay

Бүгін Алматыға Қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау ісін тергеу бойынша Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Кен Макдональд (Lord Macdonald KT KC of River Glaven) бастаған Комиссия өкілдері келді. Бұл туралы Жанболат Мамайдың Facebook парақшасында хабарланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Комиссия құрамында халықаралық құқықтық көмек көрсету компаниясы Bindmans LLP жетекшісі Тайаб Али мен басқа да арнайы мамандар да келіп жетті. Бірнеше күннен кейін Алматыға Комиссияның тағы бір мүшесі - Ұлыбритания парламент депутаты сэр Роберт Бакленд те ат басын бұрмақ.

Бірнеше күннің ішінде Комиссия мүшелері Қаңтар оқиғасына қатысушылармен, азаптау құрбандарымен, қасіретті күндері туған-туысынан айрылғандармен және бірқатар құқық қорғаушылармен, журналистермен де кездеспек. Сонымен бірге, Комиссия өкілдері қазіргі таңда үй қамақта отырған Жанболат Мамаймен де сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұған байланысты Мамай тарабы сотқа арнайы қағазды да жолдады. Одан бөлек, Комиссия Астанаға барып, Қазақстанның лауазымды өкілдерімен де кездеспек. Осы аптада Алматыда Комиссия өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қазақстандық журналистердің сауалдарына да жауап береді.

“Қазақстанға Ұлыбритания парламенті депутаттары құрған қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамай ісін тергеу бойынша Комиссияның келуі халықаралық қауымдастық еліміздегі жаппай адам құқығын бұзу жағдайларына көзжұмбайлықпен қарамайды деген сөз. Біз Ұлыбританияда құрылған Комиссия жұмысына жан жақты көмек беруге әзірміз”, – делінген хабарламада.