«Әкім орынбасары болдым, казино ойнадым»: «Миллион кімге бұйырады?» жүргізушісі неге көрінбей кеткенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Қызметінен кетуіне отбасылық жағдайы әсер еткен

Фото: collage smartnews.kz

Бір кездері «Миллион кімге бұйырады?» телевизиялық жобасы арқылы көпшілікке танымал болған тележүргізуші Ескендір Сергебаев соңғы кездері көрінбей кеткен. Ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында осы жылдар ішінде қайда болғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол «Хабардан» кейін КТК, НТК арналарында басшылық қызмет атқарған. Сосын 5 жыл Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары болыпты. Бұл қызметке сол кездегі Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов шақырған екен.

«Мемлекеттік қызметкердің ләззат алатын кезі – бір адамға көмегің тисе қуанасың. Біреудің баласын балабақшаға орналастырсаң да, біреуді мұғалім қылып жұмысқа кіргізсең де қуанасың. Әлі күнге дейін айтып жүреді. Жұмыстағы қарбаласты емес, сондай сәттерді сағынамын. Өзім заңгер болсам да, еңбек жолымды журналистикадан бастадым. Журналистиканы сүйдім. Ал мемлекеттік қызметке барғаннан кейін қарның ашатын тұстар болады. Сосын  есікті тарс жауып кетіп қалғың келеді екен. Көңілің қала берген соң, тастай саласың. Мемлекеттік қызмет көңілден шықпады», – дейді Ескендір Сергебаев.

Ол Қапшағай қаласында 2012-2017 жылдары еңбек еткен. Қызметінен кетуіне отбасылық жағдайы әсер еткен. Жұбайы танымал тележурналист Гүлжан Сергебаева екеуі қазір екі бөлек тұрады. Бір ұл, бір қыздары бар.

Сонымен қатар тележүргізуші Қапшағайда жүр, казиноға да әуестеніп көрген. Тіпті, әлі де сол жақтарға соғып тұратынын айтып қалды. Соңғы рет бір ай бұрын болдым деді.

«Казиноны демалыс орыны деп қабылдаған адамның құсқысы да, ешнәрсесі де келмейді. Қатты бір көңіл қалатындай, өміріңді қиып жіберетіндей, құсқың келетіндей деңгейге жеткен жоқпын. Казиноға ешқандай ренішім жоқ. Қапшағайда жұмыс істедік. Енді жарқырап тұрғаннан кейін есігін ашып көргің келеді ғой. Барлық казинолардың дәмін татып көрдік. Қанша ұтылғаным есімде жоқ, санаған жоқпын. Әркім өз ісіне өзі жауап беруі керек. Жалпы, казино дұрыс дүние емес», – деді ол.