Енді қазақстандықтар шетелден оң рөлді көліктерді әкеле алмайды

Qaz365.kz редакциясы

Министрдің бұйрығы жарияланды

Фото: kolesa.kz

Қазақстандықтар енді рөлі оң жақтағы, бөлшектелген жеңіл көліктерді әкеле алмайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нормативтік құқықтық актілердің электронды түрдегі эталонды бақылау банкінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың бұйрығы жарияланды.

Бұйрықта «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 17-бабы 2-тармағына және 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына сәйкес, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес әзірленгені көрсетілген.

«Рөлі оң жақта орналасқан жеңіл автокөліктерді Қазақстан аумағына бөлшектелген түрде 6 ай мерзімге әкелуге тыйым салу енгізілсін», – делінген құжатта.

Министрлік басқа мемлекеттік органдарға мынаны хабарлауы керек:

  • Мемлекеттік кірістер комитетіне осы бұйрықтың 1-тармағы заңнамасында белгіленген тәртіппен іске асыру бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметімен өзара іс-қимыл кезінде бақылауды қамтамасыз ету туралы;
  • Теміржол және су көлігі комитетіне және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ға (келісу бойынша) Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде шаралар қабылдау туралы;
  • Сауда және интеграция министрлігіне белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген тыйым салуды енгізу туралы Еуразиялық экономикалық комиссияға хабарлау қажеттігі туралы хабардар етсін.

Бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.