Білім басқармасы кәсіпкерлерді 90 млн теңге шығынға ұшыратқан

Qaz365.kz редакциясы

Ол  салық және бюджет заңнамасының талаптарын өрескел бұзған

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысының Білім басқармасы бюджеттік өтінімдері құру барысында мектептегі тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы ставкасын (12%) енгізбеген. Осылайша кәсіпкерлерге әр оқушы үшін 450 теңгенің орнына 402 теңгеден төленіп келген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өңірлік прокуратура ақпаратынша, Павлодар облыстық білім басқармасы тамақтану сомаларын есептеу кезінде 12% құрайтын қосымша құн салығы ставкасын енгізбей, Кәсіпкерлік кодексінің, тамақтануды ұйымдастыру ережелерінің, салық және бюджет заңнамасының талаптарын өрескел бұзған.

«Білім беру басқармасы тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлемді салықты шегере отырып жүргізген, яғни бір оқушыға 450 теңгенің орнына 402 теңге төлеген. Аталған мән-жайлар қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын 33 шаруашылық субъектінің құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлар қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру практикасын қайта қарап, жалпы сомасы 90 млн теңге шығынды кәсіпкерлерге қайтарып берді.

Осы қателік үшін облыстың білім беру басқармасы басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты білім басқармасының мамандары А. Шиндаулов пен М. Мейірбековке қатысты үкім шығарып, оларға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Олар субсидиялау шарттарына кедергісіз қол қойғаны үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.