Астанада курьер есірткі тасыды деген күдікпен ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Оның сыбайластары анықталып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Астанада тамақ жеткізуші курьер есірткі тасыды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Арнайы операция барысында бұрын сотталған Астана қаласының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол азық-түлік жеткізуші курьер ретінде қаланы аралап, есірткіні жасырын жерлерге тығу арқылы сатқан. Ал тұтынушылардың тапсырысын интернет арқылы қабылдап жүрген.

«Тінту кезінде одан кокаин тәркіленді. Автокөлігі мен пәтерінен есірткінің іздері бар электронды таразылар, қаптамаға арналған полиэтилен пакеттер, сондай-ақ кокаин, мефедрон және марихуана есірткі заттары табылды. Барлығы 100-ден астам бір реттік есірткі заты тәркіленді», – делінген полиция хабарламасында.

Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Есірткі сатушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның сыбайластары анықталып жатыр.

Айта кетейік, аталған қылмыс үшін он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.