Жерді қарулы адамдар қоршап тұр
Мақсат Толықбайдың айтуынша, 15 мың га жерді қоршап, оның сыртына қарулы күзет қойылған. Мәжілісменнің видеосын қоғамдық белсенді Сәуле Битикеева әлеуметтік желі арқылы таратты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Шамалған ауылында Үшқоңыр деген тау бар. Табиғаты өте керемет жер. Бұл жерге жолды жауып, қарулы адамдарды қойып тастаған. Анау жерден ешкімді өткізбейді. Ел малының жайылым жеріне бара алмай отыр. Мемлекеттік актілері қолында бар адамдар жеріне кіре алмайды. Ешкімді кіргізбейді. Факт жағынан бұл жерге мен кіруім мүмкін, бірақ басқалар кіре алмайды. Мені де кіргізбеуі мүмкін. Жеке мемлекет мына жақ», - дейді Мақсат Толықбай.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл жерді Кеңес Үкіметі кезінде совхоздарға бөліп берген. Ұзынағаш, Күрт ауданының халқының бәрі малын осында әкеліп жайған.
«15 мың га жер. Соның бәрін игеріп отырған мал бар деп мен ойламаймын. Қоршап алған. Ешкімді жолатпайды. Топшылап отырмын, Назарбаевтар резиденциясы бар. Ары қарай болса да осы жолмен барады», - дейді депутат.
Мақсат Толықбайдың айтуынша, жер мәселесі бойынша мәселені реттеуге жергілікті прокуратура, мемлекеттік органдар «қолымыздан ештеңе келмейді» деп жауап берген.
«Жоғарыда сонда кім отыр? Жер Назарбаевтыкі болмаса, басқа кім деген ой келіп тұр. Кадастр иесін шығарайық. Мына қоғамдық жолды жабуға ешкімнің құқығы жоқ. Ұлттық паркке тиесілі жер. Соны жауып тастаған. Тауды қоршап алу сұмдық қой», - дейді депутат.