«Қаншама отбасын бұзды»: Дінтанушы Ерсін Әміре курс үйрететін әйелдерді «орамалдағы шайтанға» теңеді

Qaz365.kz редакциясы

Ол орамал таққанымен, мұсылман шартына сай қылық көрсетпейтін әйелдер жайлы сөз қозғаған

Скриншот

Белгілі дінтанушы, имам Ерсін Әміре орамал тағып, әртүрлі курстар мен марафондарды өткізетін әйелдерді қатаң сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Уағыздарының бірінде ол орамал таққанымен, мұсылман шартына сай қылық көрсетпейтін әйелдер жайлы сөз қозғаған.

«Сіздің ата-анаңызға құрметпен қарауға тәрбиелемеген болса, онда одан қайыр жоқ. Онда ешқандай жақсылық жоқ. Қазір, өкінішке қарай, орамалды тағып алған... Мүмкін бұл әңгіме артық болар. Орамалды шайтандар деуге болады. Өкінішке қарай, сондайлар көбейіп кетті. Орамал тағып алып, тойларда секіріп билеп, қанша отбасыларды бұзып жүр. Неше түрлі курстарымен, марафондарымен, басқаларымен әйелдерге үйретіп жатқан... Егер сондайлардың сабағына «тойып алған, ішіп-жеп, кекірген кезде марафондарының, курстарының иісі шығып тұрған» қыз болса, ол жерден аяқ киіміңізді қолыңызға алыңыз да, қашып кетіңіз», – дейді Ерсін Әміре.

Имамның айтуынша, бірнеше рет ажырасқан немесе мүлде байға тимеген әйелдер қазір «күйеуіңнің алдында міндетті емессің» деп, қыздарға қалай бақытты әйел болуды үйретіп жүр.

«Солардың сабақтарының салдарынан қаншама отбасы ажырасып жатыр. Өкінішке қарай, тіпті, қазір «менімен бірге умраға, қажылыққа жүріңіздер» деп, әйелдерді жинап, умраға қажылыққа апарып жатыр. Қазір орамалына лайық емес әпке-қарындастарымыз көбейіп жатыр. Соларды қанша отбасылардағы әйелдер тыңдайды. Тыңдап алып, күйеуіне келіп права качать етеді. Шариғатта міндетті, міндетті емес деген бөлек мәселе, бірақ біз – Орта Азия халқы өзіміздің қалыптасқан менталитетіміз, түсінік, салт-дәстүріміз бар. Мүмкін басқа халықтарда қартайған ата-анасын жеке қалдырып, жеке өмір сүре беретін шығар, бізде ол ата-анаға опасыздық саналады», – дейді ол. 

Ерсін Әміре өз сөзінде жоғарыда аталған әйелдермен бас қосудың қажеті жоқтығын айтады. 

«Орамалда ма, демек ол орамалына лайық болуы керек. Ол Алла Тағала үйреткен, Исламды үйрететін әйел болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Егер әйел бес уақыт намазын оқыса, оразасын ұстаса, күйеуіне бағынса және ар-намысын сақтаса, оған «қалаған есігіңе, жәннатқа кір» деп айтады дейді. Міне, бұл жерде күйеуіне бағыну туралы айтылып жатыр», – дейді Ерсін Әміре.