«Базар мафиясы» қазір де бар ма?
Халық арасында «базар мафиясы» деген пікір бұрыннан қалыптасқан. Бірақ қазіргі кезде ондай топтар жоқ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр егер сауда орындарында қандай да бір тәртіп бұзушы топтар анықталса, оған қарсы күрес жүргізілетінін атап өтті.
«Ондай фактілер анықталса, кез келген топты жылдам тәртіпке саламыз. Ішкі істер органдары бар. Бұдан бөлек, өзіміздің құзыретімізді қолданамыз. Негізі ондай фактілер жоқ емес. Бірақ белгілі бір топтардың әрекеті емес, жосықсыз бәсекелестіктің көрінісі – біреулер тауар жеткізуші ретінде өз орнын сақтап қалуға тырысады. Біз оған қарсы шара қолдана аламыз», – деді Шаққалиев.
Ол базар мафиясы туралы түсінік қалай қалыптасатынын түсіндірді.
«Мысалы, біз Астанада базарларды аралап, сатушылармен де, тауар жеткізушілермен де кездесіп тұрамыз. Негізі адам базарда көбіне бұрыннан білетін сатушыға барады ғой. Себебі тауардың бағасын да, сапасын да біледі. Сол сатушының қызмет көрсетуі ұнайтын шығар. Сол сияқты сатушылар да бұрыннан бері білетін тауар жеткізушілермен жұмыс істейді. Содан қате пікір қалыптасады», – деді министр.