Маңғыстау облысында сирек кездесетін ақ қасқыр суретке түсіп қалды

Qaz365.kz редакциясы

Ақ қасқыр қатыгез әрі төзімді жыртқыш

Фото: Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Маңғыстаудағы «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалында ақ қасқыр фотоқақпанға түсіп қалды. Фотоларды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Facebook-тағы ресми парақшасында жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері сирек кездесетін аң – ақ қасқырдың көзге түскенін хабарлады.

Kazinform агенттігінің мәліметінше, ведомство мамандары Маңғыстауда ақ қасқырдың сирек кездесетінін айтты. Ақ қасқыр қатыгез әрі төзімді жыртқыш болып саналады. Бұл аңның салмағы 30 келіден 80 келіге дейін жетеді.

Басқарма өкілдері жыртқыш аң екі апта бұрын камераға түсіп қалғанын айтты.

«Аңның бұл түрін облыстың символы деп атауға болады, өйткені бұл – өте сирек кездесетін аң. Жыртқыш бұрын-соңды осы жерде болмаған. Осы уақытқа дейін ақ қасқырлар зерттелмеген. Мамандарға хабарласып, санын анықтауды жоспарлап отырмыз», – деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова.