Ережеп айында қандай амалдар істеген абзал

Qaz365.kz редакциясы

Бұл айдың «ражаб» деп аталуы да бекер емес

Фото: ашық дереккөзден

Қасиетті айлардың бірі ражаб (ережеп) айы да келіп жетті (23 қаңтар, 2023 ж). Қасиетті деуімнің себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) ражаб айы кірісімен:

«Аллам, бізге Ражаб пен Шағбанда береке бер және Рамазан айына жеткере гөр!» – деп тілейтін. (Ибн Хаббан. Әлсіз).

Бұл айдың «ражаб» деп аталуы да бекер емес. Өйткені, «ражаб» сөзінің бір мағынасы «ұлықталған» дегенді білдіреді.

Қасиеттілігі

Енді, оның қасиеттілігіне келер болсақ, Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай делінеді: 

«Шын мәнісінде, Алланың құзырында айлардың саны – он екі.  Жер мен көк  жаратылған  күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салынған айлар. Осы айлар ішінде өздеріңе зұлымдық етпеңдер»[1].

(Аяттағы төрт айдың бірі осы ережеп айы екендігі сахих хадисте айтылған: зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)[1].  

Ендігі жерде, аталмыш аяттағы «Осы айлар ішінде өздеріңе зұлымдық етпеңдер» деген жеріне сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деп түсініктеме береді:   «Айлардың бәрінде зұлымдық етуге болмайды. Соның арасында төрт айды ерекше атап өтіп отыр және оларды «харам» айлары, яғни «тыйым салынған» айлар етті. Осы айлардағы жасалған күнәлар (басқа айларға қарағанда) үлкенірек. Ал, жасалған игі істер мен сауаптардың дәрежесі (өзге айлардан қарағанда) ұлығырақ».  (Табари тәпсірі).

Ендеше, аяттағы қасиетті төрт айдың бірі осы ережеп айы болса, ондағы жасалған игі істердің сауабы өзге айлардағыдан гөрі көбірек екен. Осыған орай, бұл айда барынша ғайбат, өсек-аяң, намазды қаза ету т.б. үлкенді-кішілі күнәлардан бойды аулақ ұстап, ораза ұстау, садақа беру, Құран оқу сияқты сауапты істерге көбірек зейін қойған дұрыс.

Ораза ұстау

Ражаб айында орындалатын құлшылық түрі ретінде оразаны ерекше атап өтуге болады. Осы айда ұсталған оразаның сауабы жайында айтылған көптеген риуаяттар кітаптарда келтірілген. Бірақ олардың біразы жалған хадистер категориясына жатса, біразы «әлсіз хадистер» қатарынан орын алады. Дегенмен де, әлсіз хадистерді сауапты, мұстахаб амалдарда пайдаға асыруға болатындығын тілге тиек еткен беделді хадисшілер бар.

Ражаб айында ораза ұстау мәселесіне келер болсақ, Әбу Дәуідтің Хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта жыл бойы ораза ұстаған адам жайында айтылады. Бір күні ол Пайғамбарымызға келгенде Алла елшісі оған: «Өзіңді неге қинайсың?! Сабыр айын ұста (Рамазан айын). Сосын әр айда бір күн ұста» деді. Бірақ әлгі кісі бұны қанағат тұтпағаннан соң Пайғамбарымыз: «Ай сайын екі күн ұста» дейді. Тағы арттыруын сұрайды әлгі адам. «Үш күн ұста» дейді Пайғамбарымыз. Жаңағы адам тағы да күндерді қосып беруін сұрайды. Сонда Алла елшісі үш саусағын жұмып-ашады да: «Харам айларының кей күндерінде ауыз бекіт, кей күндерінде аш. Харам айларынан кей күндерін ұстап, кей күндерін аш»[2] – дей келе, осы харам айларында арасында үзіліс бере отырып үш күн қатарынан бірнеше рет ұстауын кеңес еткен. 

Және сахаба Зүбайрдың ұлы Уруа (р.анһума), сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.):

«Алла елшісі ражаб айында ораза ұстаушы ма еді? – деп сұрайды. Ардақты сахаба:

– Иә, ол айды қадірлейтін», – деп, осы сөзді үш рет қайталап айтады[3]. 

Ал, осы айда ораза ұстау қаншалықты сауапты десеңіз, хадисші әл-Байхақидің "Шуъабуль Иман" атты кітабында келтірілген бір риуаятта Әбу Қаләба атты табиғин ғұламаның былай дегендігі айтылады: 

«Пейіште Ражаб айында ораза ұстаушыларға арналған бір сарай бар».

Табиғиннің осы сөзін келтіргеннен соң, Имам Байхақи:

«Бұл айтылған мәлімет – Ражаб айындағы оразаға қатысты келтірілген риуаяттардың ішіндегі ең нақтысы (сахихы). Әбу Қаләба – сахаба көрген табиғин. Ол секілділер мұндай нәрсені тек өзінен жоғарғы дәрежедегі – уахи алушы кісіден жеткенін ғана айтады» , – деп, аталмыш риуаяттың Пайғамбарымыздан жеткен сахих хадис екендігіне ишара етеді[4]. 

Оразаны қай күндері ұстаса болады? 

Оразаны ражаб айының басында үш күн, ортасында үш күн және соңында үш күн ұстаса болады десек қателеспеспіз. Дәлірек айтсақ, әр аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері (әйткенмен, шарт емес. Қанша күн әрі қай күндері ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз. Дүйсенбі мен бейсенбі күндері де ұстауға болады). Бұлай деуімнің себебі, сахаба Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген бір «әлсіз хадисте» былай делінген:

«Кімде-кім харам айларындағы бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстайтын болса, оған жеті жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады»[5]. (Әлсіз хадис).

Ережеп айы "харам айларға" жататындықтан, бұл айда да бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстаудың сауабы мол екендігін топшылауға болады.

Бұнымен қатар мынадай да риуаят бар: 

«Ережеп айының бірінші күні ораза ұстау – үш жылдық күнәларға кәффәрат (үш жылдық күнәні жуып-шаяды). Екінші күні ораза ұстау – екі жылдық, ал үшінші күні ораза ұстау – бір жылдық күнәларға кәффәрат. Одан кейін, әр күнгі ораза бір айлық күнәларға кәффарат болады (яғни, қалған күндері ұсталған әр күнгі оразасы үшін бір айлық күнәлары кешіріліп отырады)». (Хадис. Имам Суюти: "әл-Жәмиъус Сағир".). 

Осы риуаяттың негізінде Ережеп оразасын ұстасаңыз да қате емес.

Өзге де құлшылықтар

Күндіз ораза ұстаумен қатар, түнінде көбірек тахажжүд намазына тұрған жақсы. Және Құран оқып, қаза намаздарды өтеп, таспихат, зікірлерді айтып, көптеп жарылқау тілеген дұрыс. Өйткені, харам айларында, соның ішінде ражаб айында орындалған игіліктерге, өзге айдағыдан гөрі көбірек сауап жазылатындығын жоғарыдағы ардақты сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.) сөзінен ұғыну қиын емес. 

Алла Тағала осы айда жасаған құлшылықтарымызды қабыл етіп, о дүние, бұ дүниеде жүзімізді жарық еткей! Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лиллаһи раббиль аләмин.

ЕСКЕРТУ: Ражаб айында ораза ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәресі ішіліп болуы керек. Ал, ақшам намазының кірген уақыты ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Ауыз бекітерде оқылатын арнайы дұғасы жоқ. Маңыздысы – ниет. Күні бойы еш нәр татпастан Алла ризалығы үшін нәпіл ораза ұстауға іштей діттеп, ниет білдірсеңіз болғаны. Ауыз ашарда қазақшалап тілек тілеп, қалаған нәрсеңізді Жаратушыдан сұрасаңыз болады.  

[1] Сахих Бухари, Китабу тәфсируль Құран. Сура Бәра*ә.

[2] Әбу Дәуід «сүнән» - Бәбу Сауми әшһуриль харам. №2428 хадис. Кейбір хадисшілер бұл хадиске «әлсіз» деп баға берген.

[3] Әбу Дәуід риуат еткен. Мүрсәл хадис.Фәуә*ди Тәмәмир Рази. 

[4] Имам Суюти: Сахих Мүслімнің шархы. №1156.

[5] Сәнәдінда әлсіз және белгісіз риуаятшылар бар. Сондықтан да, әлсіз хадис деп танылған.

 

Дереккөз: ummet.kz / автор: Абдусамат Қасым