Жалақыны мемлекет бермейді, өзіміз табамыз.
«Қазақфильм» киностудиясының аумағы жаңа қытайлық көліктерге толып қалғаны туралы бірнеше күннен бері жазылып жатыр. Осы сынға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Адамдар бір нәрсені түсініп алуы керек. Қазақфильм ішінде автогараж бар. Аумағы 1,5 гектар. Оның 80 пайызы бос тұр. Былтыр желтоқсанның айлығын 5-6 күнге кешіктіріп әрең бердік. Қаңтар-ақпан кино түсірілмейтін «өлі» уақыт. Техника жалға берілмейді, бәрі тұрады. Бізге ақша түспейді. Бұл енді менің кінәм емес. Келер жылға қаңтар-ақпанға дайындаламын. Тамызда келдім, үлгерген жоқпын. Енді осы мәселені не істейміз деп, әріптестермен келісіп, ақысыз демалысқа жібердік», – дейді Азамат Сатыбалды.
Ол жұмыс істеуі керек адамдарды алып қалдық. Енді біраз жалға алушылар жыл аяғы болғасын келісімшарт бітіп, кетіп жатыр. Бос ғимараттарымыз қалды. Соларға жалға алушыларды табу үшін арнайы хабарландыру жарияладық деп отыр.
«Енді сол сияқты автогаражды да жалға бердік. Олар заңды түрде келісімшартпен келді, заңды түрде ақшасын төлеп, көліктерін қойды. Бізде 178 адам жұмыс істейді. Жалақыны мемлекет бермейді. Өзіміз табамыз. Оның «Аспан моторсқа» ешқандай қатысы жоқ. «A cars» деген таксопарк. 50 автокөлігі тұр. Бұлар машина сатумен айналыспайды. Ел айтып жүргендей автосалон емес», – дейді президент.
Сондай-ақ ол бұл жағдайдан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабардар екенін айтты.
«Әрине, біледі. Барлығы хабардар. Заңды түрде істеліп жатқан жұмыс. Қазір министрлікпен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. «Қазақфильмге» жеке қаражат бөлдіріп, осындай «арендаға» телмірмей жұмыс істеу үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Өзіңіз білесіз, заңға өзгеріс енгізу 2-3 күннің жұмысы емес, ұзақ процесс. Аида Ғалымқызына рақмет! Келгелі осы «Қазақфильммен» айналысып жатыр. Біраз кезеңнен өттік. Алдағы уақытта оның бәрі жемісін береді», – дейді актер.
«Қазақфильмнің» бар мүмкіндігін Ұлттық киноны қолдау орталығына берген. Бізде дым қалмаған. «Қазақфильм» өзімен-өзі өмір сүруі үшін, жаңа айтқанымдай, заңға өзгеріс енгізу қажет дейді ол.
«Қазақфильм» деген заңда бір ауыз сөз жоқ. Бәрі Ұлттық киноны қолдау орталығы туралы. Арыға бармай-ақ қояйық. Жаңа айтып өткендей, аурудың емі табылды. Құдай қаласа, осы жылдың ортасына дейін мәселелер шешіледі. Соған дейін бізге сабыр керек. Егер мен осы жерде 10 жыл президент болып отырып, осындай мәселе болса, онда «Азамат, не істеп жатырсың, ұят болды ғой» деп айтуға болады. Келгеніме 4-5 ай болды. Мынадай ұйымды қалпына келтіру үшін 4-5 ай аз уақыт. Мен мәселені зерттеп, енді бітіп жатырмын», – дейді Азамат Сатыбалды.