Жолаушы қомақты ақшаны шетелге алып өтпек болған
Астана әуежайында жолаушы 160 мың АҚШ долларын алып өтпек болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана халықаралық әуежайының Авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұшу алдындағы тексеру жүргізу барысында шамамен 160 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты шетелге алып өтпек болған жолаушыны анықтады. Тексерістен кейін әуежай қызметкерлері жолаушыны аталған қаражатпен бірге құзырлы органға тапсырды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес 10 000 АҚШ долларының баламасынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынады.