Mudarabah Capital басшысының анасы қарттар үйінде тұрып жатыр – адвокат

Qaz365.kz редакциясы

Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылған болатын

Фото ашық дереккөзден

Mudarabah Capital қаржы пирамидасының басшысы Руслан Бұрқановтың анасы қарттар үйінде тұрып жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен апелляциялық алқа отырысында Бұрқановтың адвокаты Анар Катебаева айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша Руслан Бұрқанов – анасының жалғыз ұлы.

«Қазір оның анасы мемлекет қамқорлығында, қарттар үйінде тұрады. Өйткені жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу үшін менің қорғауымдағы адам пәтерін сатуға мәжбүр болды», – деді адвокат.

Айта кетейік, Руслан Бұрқанов Mudarabah Capital ЖШС-ның бас директоры болған. Ол 2021 жылғы қазанда қаржы пирамидасына қатысы бар деген айыппен қамауға алынып, сот үкімімен Руслан Бұрқанов 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, Mudarabah Capital қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген айыппен сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа апелляция бергенін жазған едік.