«Құны - 119,8 млн теңге»: БҚО-да жер телімін заңсыз берген басшы сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекетке аса ірі көлемдегі залал келтірілген

Фото: insit.tv

Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек аудандық жер қатынастар бөлімінің бастығы заңсыз жер телімін беріп, мемлекетке аса ірі залал келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бәйтерек ауданы прокуратурасы жер телімдерін беру заңдылығын тексеру кезінде бірқатар заңсыздықты анықтаған.

«Бір азаматқа облыс орталығына жақын жерден ірі көлемдегі жалпы аумағы 40,0 гектар (400 000 шаршы м – 4 000 сотық жер) жер телімдері «бағбандық және саяжай құрылысына» берілген. Сонымен қатар мемлекеттен саяжай жер телімін сатып алу құны заңсыз төмендетіліп, 4 000 сотық жер 765 мың теңгеге сатылған», – делінген хабарламада.

Негізінде жер телімдерінің нақты кадастрлық құны 119,8 млн теңгеге тұрады. Прокуратураның айтуынша, мемлекетке аса ірі көлемдегі залал келтірілген.

«Сот үкімімен Бәйтерек аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы ҚК-тің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өткізеді. Мемлекетке келтірілген залалды қайтару туралы талап арыз қанағаттандырылды», – деді ведомствода.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.