Онда бәрін тоқтатайық – министр Нысанбаев буаз киіктердің атылғанына қарсы емес

Qaz365.kz редакциясы

Буаз киіктер атылып жатыр ма

Фото: uralskweek.kz

Бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәжілісінде Экология министрі Ерлан Нысанбаев Ұлытау облысында буаз киіктер атылып жатыр деген ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Кеңес дәуірінде киіктің саны 1 миллион болса, 2003 жылы 21 мың қалған еді. Ал қазір 2,5 миллион киік бар. Тек буаз киіктер жайлы айттыңыз. Қыркүйектің, желтоқсанның аяғына дейін аңшылыққа рұқсат етеміз. Қараңыздаршы: тамызда қабан төлдейді. Қыркүйекте елік, тауешкі күйлейді. Жалпы аңдардың көбі қарашаның ортасында күйлейді. Әлемде аңшылық жасайтын мерзімде көп аң күйлейтін кезеңде болады. Сол себепті біз биологиялық ғылыми негіздеме аясында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, киікті ату ақпан айынан бастап тоқтатылады екен.

«Сол себепті киікті буаз күйінде атып жатыр деуге болмайды. Ендеше жалпы аңшылықты тоқтатайық. Тек киікті ғана буаз кезінде атса, бір мәселе. Мен де ондайға бармас едім. 2,5 миллион киік бар екенін айттым. Өсімтал аң бұл. Ұрғашы лақ мамырда туса, сол жылдың желтоқсанында, жеті айында күйлейді. Қаншалықты теріс ықпалын диқаншылар көріп отыр. Биыл мамырда 40 пайыз төлдейді», – дейді министр.