Бұл мәселемен әкімдіктер жанынан құрылған комиссия айналысады екен
Қазақстан азаматтығын алғысы келетін жер бетінде шашылып жүрген қандастар елге келгенде ДНҚ тапсыруы мүмкін. Бұл туралы Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, өз ұлтын растайтын құжаттары болмаса, қан құрамына байланысты тиісті сараптама жүргізетін болады. Бұл мәселемен әкімдіктер жанынан құрылған комиссия айналысады екен.
«Комиссия құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы профессорлар мен сарапшылар қатысады. Олар ұлтын растай алмаған әр азаматтың өтінішін ұжым болып қарап, оған қандас дәрежесін беруге бола ма деген мәселені шешеді», – дейді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ ол комиссияның қандай функциялары болатыны, әңгімелесуді қалай жүргізетінін, «қандас» мәртебесіне үміткер азаматқа қандай сұрақтар қойылатыны туралы да айтты.
«Комиссияда қандай да бір күмән туындаған жағдайда геномдық сараптама жүргізу қарастырылған. Сараптама арқылы азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады», – дейді комитет басшысы.
2023 жылы сыртқы көші-қонда 10 жылда алғаш рет оң динамика байқалған. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша көші-қон сальдосы +8,3 мың адамды құраған. Елге 23 мың адам келіп, 15 мың адам елден кеткен.