«Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық кеңесі Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтің мәселесін қарады. Бұл туралы аталған партия мүшесі, мәжілісмен Қазыбек Иса Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгін 2023 жылы 19 қаңтарда «Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Партия төрағасы Азат Перуашевтің төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты А.Әбілдаевтің журналиске берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді.
Ұлттық кеңес мүшелері А.Әбілдаевтің сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы екеніне, партиялық және депутаттық этиканы да бұзғанына баса назар аударды.
Атап өту керек, кеше партия президиумы хабарлағандай, «Ақ жол» партиясы қашан да республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды», - деп жазды Қазыбек Иса.
Оның атап өтуінше, Ұлттық кеңес А.Әбілдаевті «Ақ жол» демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясынан шығарылғанына байланысты А.Әбілдаевтің депутаттық мандатын тоқтату туралы «Ақ жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады.