Егер ол болмаса, Киев жау қолына өтер еді - The Wall Street Journal украиналық барлаушы туралы жазды

Qaz365.kz редакциясы
фото: ашық дереккөзден

The Wall Street Journal шабуыл басталған соң көп ұзамай Украинаның қауіпсіздік қызметі өлтірген Ресеймен келіссөз жүргізуші әрі украиналық барлаушы Денис Киреев туралы жазды, деп хабарлайды qaz365.kz.

2022 жылдың наурыз айының басында Украинаның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бұрынғы банкирді және Ресеймен келіссөздердің бірінші раундының қатысушысы Денис Киреевті өлтірді. Бастапқыда оны сатқындық жасады деген күдікпен ұстау кезінде атып өлтіргені хабарланған. Кейінірек Киреевтің Украинаның Бас барлау басқармасында жұмыс істегені және «қателесіп» өлтірілгені анықталды. Ол әскери құрметпен жерленді, ал президент Владимир Зеленский қайтыс болғаннан кейін Киреевті «Мемлекеттік егемендікті қорғаудағы ерекше еңбегі үшін» орденімен марапаттады. Украинаның барлау басшысы Кирилл Буданов The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Ресей шабуылы қарсаңында Киреев берген ақпарат Киевті қорғап қалуға мүмкіндік бергенін айтты.

Денис Киреев – украиналық банкир. Еңбек жолын 2000 жылдары Сredit Lyonnais, Citibank және ING сияқты батыс банктерінің жергілікті өкілдігінде жұмыс істеуден бастаған. The Wall Street Journal жазғандай, Киреев тыңшылық жасаумен 2003 жылы оның туысы Украина қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары болған кезден әуестене бастаған. Банктерде бірнеше жыл жұмыс істеген соң Киреев Донецк облысының кәсіпкерлері Андрей және Сергей Клюевпен байланыс орната бастады, олар кейінірек Украина президенті болған Виктор Януковичтің жақындары еді. Андрей Клюев Януковичтің ел басқарған жылдары Украинаның бірінші вице-премьері (2010-2012) және Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы (2012-2014) қызметін атқарды. Осы кезде Киреев «Укрэксимбанк» Байқау кеңесінің мүшесі және Украина Мемлекеттік жинақ банкі басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. 2014 жылы Янукович биліктен кеткеннен кейін ағайынды Клюевтер Украинадан кетті. The Wall Street Journal Киреевтің әріптестерінің сөзіне сілтеме жасап, ол Клюевке активтерінің бір бөлігін елден шығаруға көмектескенін жазады. Сол кезде банкир ресейлік бизнеспен және арнайы қызметпен байланыс орната бастады.

2021 жылдың көктемінде Ресей әскерін Украина шекарасына шоғырландыра бастағанда Украинаның Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов Киреевті штабқа шақырды. Банкирге украиналық барлау жұмысын ұсынды.

«Оның мықты таныстары болды. Қаржылық операциялар солардың қолынан өтті, барлық жерде танысы болды, арасында өте ықпалды адамдар да бар», -  деді Буданов.

WSJ жазғандай, тыңшылық жасауға құмар Киреев барлау басшысының ұсынысына келіскен. Бұдан кейін банкир Ресейге жиі бара бастады.

«Киреев барлығын білгісі келіп, ақпарат жинады. Арнайы қызмет пен қаржы әлемі әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста ғой», - деп Буданов Киреевтің қызметін еске алады.

Будановтың айтуынша, Киреев 2021 жылдың күзіне таман Ресейдің баса-көктеп кіру туралы жоспарын біліп, бірінші болып дабыл қақты. Ақпан айында соғыстың болатыны көпшілікке мәлім болғанда Киреев отбасымен бірге Альпіге жыл сайынғы демалысқа кетуге тиіс еді, алайда 18 ақпанда бұл ойынан бас тартты.

«Егер демалысқа шықсам, ендігәрі айнаға қарай алмай қаламын», - деді әйеліне.

Бес күннен соң – 23 ақпанда Киреев Будановқа «Ресей президенті Владимир Путин басып кіру туралы бұйрық берді» деген соңғы хабар жібереді. Банкир Ресей әскері 24 ақпан күні таңертең Украина астанасын басып алуға плацдарм ретінде пайдалану үшін Киевтен 25 шақырым жерде орналасқан Антонов әуежайына (бұрынғы Гостомель) қонуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Будановтың сөзінше, Киреевтің хабары Киевті қорғап қалуға септігін тигізген, себебі украиндықтардың әуежайға әскер жіберуге ғана уақыты жеткен.

«Егер Киреев болмаса, онда Киев жау қолына өтер еді», - деп сөзін түйіндеді Буданов.

Ресейдің Украинаны тез басып алу жоспары сәтсіз болған соң тараптар келіссөздерді бастады. Бірінші раунд 28 ақпан күні өтті. Киреевтің екі тараппен де байланысы болғандықтан және Ресей делегациясындағы екі адамды жақсы танығандықтан, Буданов оған келіссөздерге қатысуды ұсынды. Банкир қатысқысы келмеді, себебі бұл оның Украинаның барлау агенттіктерімен арадағы байланысына сызат түсіретін еді, бірақ барлау басшысының ұсынысын жерге тастамады.

«Құрысыншы. Отанға қажет болса, бәріне барамын», - деп Киреевтің сөзін күзетшілерінің бірі еске алады.

Келіссөзден кейін Киреев Будановпен ұзақ әңгімелесті. Ол банкирге тыңшылық жасау қызметі әшкереленген соң оған қауіп төніп тұрғанын ескертті. Соған қарамастан, Буданов Киреевке 3 наурызға жоспарланған келіссөздердің екінші раундына қатысуды сұрады.

Wall Street Journal-мен сұхбаттасқан Кирилл Буданов келіссөздер қарсаңында Киреевпен Украинаның қауіпсіздік қызметінде қарсы барлау бастығы Александр Покладтың кездескісі келгенін айтқан. Неліктен бұл кездесу болмады, газет мұны жазбаған. Алайда ертеңінде Киреев Беларуссияға барып, келіссөздерге қатысу үшін вокзалға барар жолда күзетшілеріне жол-жөнекей Украинаның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері тұтқындауы мүмкін екенін ескертті.

«Бірақ араласпаңдар», - деді ол сол кезде.

Киреев қаланың қақ ортасында – София соборының жанында ұсталды. Бір жарым сағаттан кейін банкирдің өлі денесі Киев көшесінен табылды. Содан кейін украиналық БАҚ банкирді ұстау кезінде атып өлтірді деп жазды, бірақ оның күзетшілері Украинаның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне ешкім қарсылық көрсетпегенін айтады.

Кейін «Агенттік» өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап, Украинаның барлау агенттіктері арасындағы «шиеленіс» болуы мүмкін деп жазды: Украинаның қауіпсіздік қызметі Киреевтің ресейлік барлаушылармен байланыста болуға құқығы бар екенін білмегендіктен, сатқындық жасады деп күдіктенді. Десек те, Киреевтің өлімі сол беті жұмбақ күйінде қалды.

5 наурыз күні Украинаның Бас барлау басқармасы баспасөз хабарламасында Киреев арнайы тапсырма барысында қайтыс болды деп жазды. Кейінірек Украина президентінің Жарлығымен банкир қайтыс болған соң III дәрежелі Богдан Хмельницкий орденімен марапатталды және бірнеше күннен кейін Киевтегі Байков зиратына әскери құрметпен жерленді.