Орнына Олег Лизлов тағайындалды
Бұған дейін Мемлекет басшысына жүгінген Атырау мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) бас директоры Ғалымжан Жусанбаев жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz "ҚазМұнайГазға" сілтеме жасап.
"ҚазМұнайГаздан" ақпарат
– "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша АМӨЗ ЖШС бас директоры Г. Жусанбаевты және бас директордың орынбасары – бас инженер Ә. Шошанбасовты қызметтен босату туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.
Бас директордың міндетін уақытша атқарушы болып АМӨЗ ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директоры Олег Лизлов тағайындалды.
Одан басқа МӨЗ басшылығында бас директордың бес орынбасары мен басқарма мүшелері: Наиль Хакимов, Дамир Ахметов, Қуаныш Қапақов, Сәлімжан Нақпаев және Берік Жұмағалиев қала береді.
ҚМГ зауыт мұнай өнімдерін штаттық режимде өндіруді және жөнелтуді жалғастырып жатыр деп сендірді.
Жусанбаев Президентке не үшін жүгініп еді?
Бұған дейін Ғалымжан Жусанбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген еді. Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры болып ол 10 қаңтарда тағайындалған. Ғалымжан Жусанбаев өз жұмысын кәсіпорын қызметінің аудитінен бастаған.
«Зауыт қызметін бағалау нәтижесінде мынадай жайттар анықталды: 2022-2023 жылдар кезеңінде аффилиирленген компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғары бағамен сатып алу фактісі орын алды. Бұл сатып алулар көптеген заңбұзушылықтармен жүргізілді. Кокс пен түйіршікті күкіртті нормативтен тыс сақтауда көрсетілген экологиялық заңнама нормалары бұзылған. Өндірістегі шығындарды есепке алу бөлігінде бақылау жоқ, бұл көрсеткіштердің артуына әкеледі. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде аумақта бірнеше төтенше жағдайлар болды. Мәселен, Тәжікстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде 15 мың тонна мазут тасымалы бұзылды. Жөнелту мазут құбырының құбыр желісінің қатып қалуы себебінен, бас директордың жетекшілік ететін орынбасарлары тарапынан жұмыстарды ұйымдастыру мен бақылаудың болмауы салдарынан 6 күнге кешігіп басталды», – деген еді Жусанбаев.