Ол 221 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлауға қатысқан
«ҚР Ұлттық мұражайы» РМҚК директорының бұрынғы орынбасары А.Ш. Нұразхан ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры А.Мұхамедиұлына (ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі) және басқа да адамдарға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.
Жүргізіліп жатқан тергеу аясында А. Мұхамедиұлымен және басқалармен сөз байласып, «Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 миллион теңге сомасында сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлауға қатысқан «ҚР Ұлттық мұражайы» РМҚК директорының бұрынғы орынбасары А.Ш. Нұразхан ұсталды. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен А.Ш. Нұразхан 2 ай мерзімге қамауға алынды.Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.