Адвокат сот-медициналық сараптаманың қорытындысын айтты
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша Нүкенованың басынан доғал затпен 12-13-тен астам соққы жасалған. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбақова сот барысында айтты, деп хабарлайды хабарлайды Qaz365.kz тілшісі аrasha.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі сот барысында Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенованың соққы алған фотоларын іске қоспауын сұрады. Олардың ойынша, бұл фотолар өңделген болуы мүмкін.
Сонымен қатар олар BAU мейрамханасынан алынған видеолардың заңсыз алынғанын айтып, оларды айғақ ретінде қолданбауды сұрады. Айтуларынша, бейнежазбаны құзырлы орган қызметкері емес, жеке тұлға қалпына келтірген.
«Ол Салтанат Нүкенованы қорлаған емес, ұрмаған, балағаттамаған, қызғанбаған және бопсалаған жоқ», – дейді Бишімбаевтың қорғаушысы.
Олардың ойынша, бәрі керісінше, оны Нүкенова үнемі қызғанып, ашу-ызаға беріліп отырған.
Ал, жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова істі қосымша тергеуге қайтаруға негіз жоқ екенін, ал сараптама жүргізу үшін тәуелсіз нейрохирург сарапшысы әкелінгенін, ол бірінші сараптаманың қорытындысын растады: өлімге жедел субдуральды гематома себеп болғанын айтты.
Сонымен қатар, Бишімбаевтан тағылған айып бойынша жауап алынғанын жеткізді. Ол бойынша алты жауап алу хаттамасы бар. Сондай-ақ, бейнебақылау камераларына түскен видеода Бишімбаевтың Нүкенованы қалай ұрғаны көрсетілгенін айтты.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған жазбадан жәбірленуші Нүкенованың денесінің өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет нысаналы соққылар тигені, оның өліміне себеп болғаны анық көрінеді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес тек қана Нүкенованың басына доғал қатты затпен 12-13-тен астам соққы жасалған», – деді адвокат. Бұл 104-баптың (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру) құқықбұзушылықты жасайтын әрекеттер немесе әрекетсіздіктен тұратынын еске салды.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы соттан Бишімбаевтың қорғаушысының барлық өтініштерін қанағаттандырудан бас тартуды және негізгі сот отырысының күнін белгілеуді сұрады.
Дегенмен, сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін алқабилер сотының қарауына беру туралы өтінішті қанағаттандырды.
Судья Айжан Көлбаева Бишімбаев қорғаушыларының істі прокурорға қайтарып, оны «Абайсызда адам өлтіру» бабына ауыстыру туралы өтінішін орындамады.
Соттың келесі отырысы 27 наурызға қалдырылды.