Әз Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ардақты ағайын!
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл – біздің ата дәстүріміз. Бүгін баршамыз бір ел, бір халық болып төл жаңа жылымызды қарсы алып жатырмыз.
Әз Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді.
Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді.
Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді.
Биылдан бастап Наурыз мейрамы, яғни Наурызнама 10 күнге жалғасады. Бүгін еліміз «Ынтымақ» күнін атап өтіп жатыр.
Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз керек. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін.
Қадірлі қауым!
Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз.
Қымбатты алматылық ағайын!
Алматы – егемендігіміздің алтын бесігі. Сонымен бірге еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы. Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін.
Биыл елімізде төрт ауқымды жоба қолға алынатын болды. Мен бұл туралы Құрылтай кезінде айттым. Көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады. 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды.
Ауыл және аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады.
Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!