Мемлекеттік бағдарламаның арнайы сайтында мемлекеттік тілде ақпарат жоқ - Белгілі блогер Артспорт жайында

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, өзі қолға алған  #Ауылфутбол жобасы Арт-Спорттың орынсыз талаптарына байланысты жолы кесіліп отыр

фото: ашық дереккөзден

Белгілі блогер Алмас Тоқабай өзінің фейсбуктегі парақшасында АртСпорт туралы пікірін жазды, деп хабарлайды qaz365.kz
Оның айтуынша, өзі қолға алған  #Ауылфутбол жобасы Арт-Спорттың орынсыз талаптарына байланысты жолы кесіліп отыр. 

 “ArtSport деген құбылыс бар. Бағдарлама деп айта алмайсың енді. Себебін айтайын. Бағдарлама бойынша әр балаға арнап қаржы бөлінеді, сосын ол тегін қатысады. Ал секцияны мамандандырылған заңды тұлға жүргізеді. Күшті нәрсе. Сияқты. Әр спорт секциясы мықты болып, көбірек бала келгенін қалайды, ал әр бала тегін бара алады. Іс жүзінде қалай екенін айтайын:
#Ауылфутбол бойынша өзіміздің фонд арқылы қатысқымыз келді. Шарт бойынша жабық спортзал керек, дұрыс талап. Ауылдарда жалғыз зал мектепте, бірақ ол жалға бере алмайды (бергісі келмейді). 
Сонда логика бойынша спортзал жоқ немесе авариялық жағдайда тұрған  1,5 мың ауылға ArtSport «бір жерін» көрсетіп тұр”, – дейді блогер. 


Алмас Тоқабайдың айтуынша қаладағы һәм спортзалы бар елді-мекендер туралы екінші мәселе бар. 


“Балам жеңіл атлетикаға барамын деп үй жақтағы секцияны қарағанда жеткізуші, яғни мемлекеттен спорт үшін ақша алып отырған жеке кәсіпкер құрылыспен айналысуы керек екен, жарғысына солай көрсеткен. Сонда шынымен кәсіби мамандар алады ма, әлде «таныс құрылысшылар» жүргізе бере ме? Бұл үлкен сұрақ”, – деді ол. 


Блогер АртСпортқа қатысты өзі сорақы деп тапқан тағы бір жайттың бетін ашты. Айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның арнайы сайтында мемлекеттік тілде ақпарат жоқ. 


“Интерфейсінде бар әрине, іші орысша ағып тұр. Нонсенс деп айқайламайын, бірақ ұят нәрсе екені рас. Екінші жағынан «қазақша несіне керек, бәрібір ауыл алмайды» деп ойлаған шығар”, —  деп сөзін түйіндеді Алмас Тоқабай.