Бишімбаев ісі: Желіде Соттың әрекетіне шағымданып жатқандар көп

Qaz365.kz редакциясы

Сот отырысына қатысты әзілдеп, вайн түсіріп жатқандар бар

Скриншот

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономинка министрі Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бірақ сот отырысын онлайн тамашалап жатқандардың көбісінің судьяның әрекетіне көңілі толмайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бақытсыз әйелдің өмірінен цирк жасап жіберді», «Сот отырысы Бишімбаев емес, Салтанаттың ағасына қатысты болып жатқандай», «Шындық пен коррупцияның қайсысы жеңгенін көреміз», «Судья қызына қатысты осындай жағдай болса, бұлай салмақты болар ма еді?», «Судьяның әрекетін түсінбедік», «Судья да сатып алынған ба?», «Судья сот процесі өтіп жатыр дейді, бірақ циркке ұқсайды», «Судьяға бәрібір секілді», - деген пікірлер бар. 

Сонымен қатар желіде сот отырысына қатысты әзілдеп, вайн түсіріп жатқандар бар. Мысалы, Tik-tok желісінде Никита Романовтың видеосы 3 миллионнан астам қаралым жинап, 561 мың лайк басылған. 

Айта кетейік, Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау), 99-бабының 5-тармағының 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру), 14-бабының 2-бөлігі (Аса ауыр қылмыстың қайталануы) бойынша айып тағылып жатыр.

Еске салсақ, бүгін сот отырысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты.

«Маған қандай да бір сөз айту қиын. Мені кешіреді деп те ойламаймын. Бірақ кешірім сұрау - менің адами парызым. Бұл орны толмас қайғы екенін және оған менің қатысым барын білемін. Мен кінәмді мойындамаймын деген сөзімді түсіндіре кетейін. Мен әдейі, аса қатыгездікпен өлтірді деген сөзбен келіспеймін», - дейді ол.