«Жайдарман» жаңа маусымды жаңа жобалармен бастайды

Qaz365.kz редакциясы

Биыл еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам команда тіркеліп отыр

фото: qaz365.kz

 

27 қаңтар күні Жайдарманның «Әдемі маусым» атты ресми маусымашары өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.

Дәстүр бойынша «Жайдарманның» балалар, жасөспірімдер және жоғарғы лигаларына іріктеу Астана қаласындағы «Жастар» сарайында апта бойы жалғасады. Жаңа маусымның тұсаукесеріне арналған салтанатты шарасын елорда тұрғындары мен қала қонақтары «Бейбітшілік және келісім сарайында» (Пирамида) тамашалай алады.

Биыл еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам команда тіркеліп отыр.  Осыған дейінгі маусымдардан ерекшелігі, биыл жас командалармен қатар, тәжірибелі немесе жоба ретінде жүрген көп команда маусымға қатысуға өтініш берді. Ұйымдастырушылар Жайдарманға қызығушықтың бұлайша артуын өткен  маусымның сәтті әрі қызық болғанымен байланыстырады. Сондай-ақ, алдағы уақытта  «Жайдарман» қатысушыларына арналған жаңа жобалар  басталатынын да алға тартады.

«Маусымашар – біз үшін  қашан да үлкен фестиваль. Жаңа маусымға, жаңа жылға, жаңа леп беретін кеш. Биыл «Жайдарманға» 20 жыл толады. Бар жанарды жаулаған «Жайдарман» осы уақыт ішінде еліміздің талантты жастарының басын қосатын теңдесіз алаңға айналды. Еліміздегі креативті индустрия саласындағы танымал қазақтілді әртіс, журналист, инфлюенсерлердің басым бөлігі кезінде Жайдарман Лигаларының бірінде ойнағанын жоққа шығармаймыз. Осылайша, біз осы уақыттың ішінде ойын-сауық жобадан таланттарды түлеп ұшырған үлкен институтқа айналдық. Биыл біз өз ұстанымымызды нықтай түсеміз. Төл жобаларымызды, жаңа дүниенің бәрін «жайдарманшыларымыздың» дамуына бағыттаймыз. «Жайдарманда» ойнаған әрбір қатысушының бойында бір талант жатыр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей,  біз «жайдарманшылардың» бойындағы талантына қарай, музыка болсын, кино саласы, актерлік шеберлік және әртүрлі қойылымдардың сценрийін жазуға дейін машықтандырамыз.

Әдеттегідей, биыл да қазақтілді ойын-сауық саласында жаңа жобаларымыз көрермен көзайымына айналады деп сенемін», - дейді Жайдарман қозғалысының негізін қалаушы Есен Елеукен.

Жоғарыда атап өткендей, республикалық лигалар ішінде алғашқы болып Bala Jaidarman жобасының іріктеуі өтеді. Жоғарғы лигамен қатар Астана лигасы, Алматы ашық лигасы, Nomad лигасы және Jaidarman Junior лигалары маусым барысында өз жалғастарын табады. Бұдан бөлек, JCI «SEN Creative» және «Dala Media Lab» серіктестерімен арнайы жобаларды жүзеге асырады. Былтыр аталған серіктестермен бірге «JaiBattle» жобасының тұсауы кесілсе, биыл «Soile StandUp», «SAZ» және Iqas интелектуалды ойынымен толығады.

Есен Елеукеннің сөзінше, JCI әрі қарай «Жайдарманның» өңірлердегі филиалының жұмысын жандандыруды жалғастырады. Былтыр облыстарда жергілікті және республикалық дәрежеде бірнеше ойындар өткен болатын.

«Бұл әдіс сұранысқа ие және біз іріктеу турнирлерімізге белгілі бір себептермен қатыса алмай жүрген талантты жастарды байқаймыз. «Жайдарман» - бұл ең алдымен дарындар фабрикасы және біз балаларымыздың өзін-өзі танытуы үшін мүмкіндігінше көп алаң құруды көздеп отырмыз», - дейді JCI бас редакторы Рамазан Фаилов.

 Маусымашардың ойындар кестесімен mausymashar2023.kz сайтында және ресми парақшаларда танысуға болады.