Бишімбаев өзін қорғауға енді ресейлік сарапшыларды қосты

Qaz365.kz редакциясы

Сот ресейлік сарапшылардың қорытындыларын зерделеуге рұқсат берді

Фото: Jogargy_sot

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін экс-министр өзін қорғауға ресейлік сарапшыларды қосуды сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бишімбаевтың адвокаты Ресей ұлттық медицина университеті мен Ресей Федерациясы денсаулық сақтау министрлігінің сараптамасын қайта қарап, қылмыстық іске қосуды сұрады. Сондай-ақ ZOOM және WhatsApp арқылы сарапшылардан сұрақ қою қажеттігін айтты.

Сот ресейлік сарапшылардың қорытындыларын зерделеуге рұқсат берді.

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаттарының қылмыстық іс материалдарына Ресей Федерациясының сараптама қорытындысын енгізу туралы өтініші ішінара қанағаттандырылғанын хабарлады.

Судья Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабына сәйкес «тараптар материалдарды қылмыстық істерге енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы» деп түсіндірді.

«Бірақ сарапшының қорытындысы ретіндегі мәліметтері ешқандай артықшылық бермейді.  Қылмыстық іс материалдарына қоса берілген қорытындыға сарапшының бағасын сот береді», - деді судья.

Сот Салтанат Нүкенованың мәмілелер мен сапарлары туралы ақпаратты қосу туралы өтінішін қолдамады.