Келін Қазақстан туралы бұрын мүлдем естімепті
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Таиландтан келген келіннің видеосы шарлап жүр. Шетелдік қызды ақтаулық жігіт өзіңе жар еткен. Осы ретте келіннің енесі сұхбат беріп, барлығын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Балам Алматыда оқыды. Болашақ жұбайымен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ағылшын тілін жетілдіру үшін онлайн курсқа қатысқан. Сол кезде танысыпты. Ол кезде бортсерік боламын деп, ағылшынын дамытқысы келген еді. Сөйтіп жүріп, сүйіктісін тапты. Мен қарсы болған жоқпын. Бірақ басында кішкене түсінбей қалдық. Біртүрлі сезім болды. Таиландқа көріп келемін, демалып қайтайын деп айтты. 10 күн сонда болды. Барып ата-анасымен танысқан, үйленетін болып шешім қабылдады. Бәрі де мақтап жатыр. Ағайын-туыста жылы жүзді екенін айтады. Өте пысық келін. Бірдеңені түсіндіре алмай жатсаң, тез ұғынып қояды. Әр түрлі әңгімелер айтылатынын білдік. Оның бәріне дайын болдық», - дейді таиландтық келіннің енесі.
Ол келіні ислам дінін қабылдап, мұсылман болғанын айтты. Қазір есімін қазақша Інжу деп өзгерткен.
«Келін Қазақстан туралы бұрын мүлдем естімепті. Мираспен танысқаннан кейін ғана білді. Ақтаудың ауа райы, бәрі ұнап жатыр», - дейді енесі.
Қолданушылардың пікірлері екіге жарылды: біреулер ерлі-зайыптыларға бақыт пен махаббат тілесе, енді бірі ұлтаралық одақты сынап жатыр.
«Таиландтың қызын алғанша қазақтың қара домалақ қызын үйленбей ме?», «Базар жоқ келін екен», «Жаман ұлт болмайды жаман адам болады деген. Келін өте сүйкімді», «Қайын апаң болам келінжан», «Жүзі жылы екен бақытты болсын», «Қазақ келіндері сияқты өте әдемі», – деген пікірлер бар.
Айта кетейік, 2021 жылы тағы бір таиландтық қыз Түркістан облысына келін болып түскен еді.