Келесі сот отырысы 10 мамырға жоспарланған
Бүгін Астананың ауданаралық сотында Бишімбаев соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Құрметті сот, құрметті алқабилер, қатысушылар, міне, менің соңғы сөзімді айтар уақытым жетті. Сіздерге адам өмірі мен тағдырын шешетін ауыр жауапкершілік жүктелді. Соттың алқабилермен өтуін мен өзім өтінген едім. Бұл мен үшін оңай таңдау болған жоқ. Елімізде бұл істі білмейтін адам қалған жоқ. Әлеуметтік желілерде пиар компаниялар, мені жеккөрінішті етіп көрсету, істі бұрмалау, мені және менің отбасымды қаралау науқаны жүргеніне қарап кез-келген алқабидің маған қарсы екенінен қауіптенемін. Соған қарамастан мен және менің қорғаушыларым ашық алқабилер сотына жүгіндік. Менде тек бір мақсат болды. Ең құрығанда 10 адамға сол қайғылы түн туралы шындықты дәлелдеу, Салтанат екеуміздің қарым-қатынасмыз қандай болғаны туралы айту», - деді Бишімбаев.
Ол Құдайға сенетінін айтып, 9 қарашада «сын сағатынан» өте алмадым деді.
«Мен кінәлімін бірақ, қасақана адам өлтірмедім. Ұсталған сәтімнен бастап тек шындықты айттым… Мен Салтанаттың өліміне кінәлімін. Оған жауап беруге дайынмын. Мен оның денсаулығына қасақана ауыр жарақат келтіріп, оны абайсызда өлтіріп алғаным үшін айыптымын. Бірақ қасақана өлтірген жоқпын», - деді ол.
Бишімбаев алқабилерден әділ, объективті болуды сұрады.
«Менің бұрын кім болғаным, қандай лауазымды иеленгенім маңызды емес. Мен де әділ сот шешіміне лайық қарапайым адаммын», - деді Бишімбаев.
Келесі сот отырысы 10 мамырға жоспарланған.