Бишімбаевтың адвокаты журналистердің сұрақтарына жауап берді
Бүгін экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты. Ал кулуарда Бишімбаевтың қорғаушысы Назкен Құсайынова БАҚ өкілдерін сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Адвокаттың айтуынша, сот барысын журналистер бір жақты етіп, өздеріне ыңғайлы етіп берген.
«Мұның бәрін БАҚ-тың қалай жариялағанын көрдіңіздер ғой... Өздеріңізге қалай ыңғайлы болса, солай тараттыңыздар. Жарты жылдан бері тек Бишімбаевтар отбасын қаралау жүрді», - дейді Назкен Құсайынова.
Оның артында кім тұрғанын және мұны кім істеп жатқанын білу үшін көп уақыт қажет деп отыр.
«Менде жаламен айналысқан адамдар туралы ақпарат болғанда (осы ақпараттың барлығы Бишімбаевтар отбасына қарсы күрес) ол туралы айтамын. Материалдар жиналуда. Процедурадан кейін біз мұнымен айналысамыз. Біз міндетті түрде сотқа береміз», – деді адвокат.