Ол сот шешіміне қатысты пікір білдірді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевқа тағайындалған жазаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл біз шамамен күткен және болжаған мерзім болды деп айта аламын. Ол түрмеден шыққан кезде 68 жасқа толады. Қамаудағылардың жағдайын ескерсек, тіпті оның ол кезде тірі болатыны да белгісіз. Біз бар күшімізді салып, діттеген ойымызға жеттік», - дейді Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.
Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған.
Ал аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.