Жасөспірім қатты күйзеліске ұшырағаны соншалық, өзі де, анасы да арыз жазудан бас тартты
Қазақстанның "Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі" ҮЕҰ жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбаева ересектер ғана емес, балалар да
полицейлердің қатыгездігінің құрбаны болғанын хабарлады, деп жазады Qaz365.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Ақылбаева бұл ақпаратпен Астанада құқық қорғаушылардың таныстырылымынан кейін бөлісті. Оның айтуынша, қаңтар оқиғаларынан кейін құқық қорғаушыларға тергеу изоляторында ауыр жарақат алған 190 адам жүгінген. Олардың ішінде 12 әйел және 13 кәмелетке толмаған бала бар.
Ақылбаева құқық қорғаушылар сегіз балаға заңды немесе қаржылық көмек көрсеткенін айтты. Өйткені кейбір жасөспірімдер қазірден бастап жұмыс істеп, тұрмыстық жағдайларына байланысты өз отбасыларын асырап жүрген болатын.
"Кейбір балалар қатты қорыққаннан істі әрі қарай жалғастырғысы келмеді, тіпті арыз да жазбады. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасын өзгерткеннен кейін, олар болған жағдайды ұмытуға тырысып, бірден таптырмай кетті ", - дейді Роза Ақылбаева.
Ақылбаева ШҚО-дан келген бір баланың оқиғасын мысалға келтірді. Ол да наразылық кезінде тергеу изоляторында болған, содан кейін үйіне еңбектеп, әзер жеткен.
Жасөспірім қатты күйзеліске ұшырағаны соншалық, өзі де, анасы да арыз жазудан бас тартты.
"Анасының айтуынша, баланы еш себепсіз ұрған, өйткені ол қажетсіз уақытта, тіпті алаңда да емес, басқа жерде жүрген. Баланың қатты қорыққаны соншалық, бәрін ұмытқысы келеді және ештеңені есіне алғысы келмейді", - деді Роза Ақылбаева.
Р. Ақылбаеваның айтуынша, халықаралық стандарттарға сәйкес, балаларға әрқашан адамгершілік шараларды қолдануға тырысу қажет.
"Бала құқығының не екенін түсінетін инспекторларды, криминалистерді тарту қажет болды. Алматыда да, Талдықорғанда да бұл балаларды ешкім іздеген жоқ, олармен жұмыс жүргізілген жоқ. Егер олар тірі қалса, тән жарасы жазылар, ал жүрекке түскен жан жарасы мәңгі қалып қояры анық. Азаптауға ұшыраған адамдарды, әсіресе, балаларды, олардың туыстарын ақтау өте маңызды, өйткені туыстары да үрейленіп қалған", – деп қорытындылады Роза Ақылбаева.