Дипкорпус қазақстандық журналистерді қолдады

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа Қазақстанды құру үшін сөз бостандығы мен еркін БАҚ қажет

31 қаңтарда Астанадағы Канада Елшілігінің және елші Алан Хэмсон мырзаның бастамасымен тәуелсіз қазақстандық журналистер Динара Егеубаева, Самал Ибраева және Вадим Борейко жақында болған қорқытып-үркіту және онлайн-қудалау жағдайларынан кейін Қазақстандағы 23 дипломатиялық миссияның өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Біз тәуелсіз журналистерге жасалған соңғы шабуылдарға алаңдаймыз және олармен бірге екенімізді білдіреміз. Барлық жағдайлар тексеріліп, осы құқық бұзушылықтар үшін кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Осыған байланысты біз Президент Тоқаевтың толық тергеу жүргізуге шақыруын құптаймыз.

Ашық және серпінді қоғамы және Үкіметке есеп беретін жүйесі бар Жаңа Қазақстанды құру үшін сөз бостандығы мен еркін БАҚ қажет. Біз Қазақстанның осы мақсаттарға қол жеткізу жолындағы іс-әрекеттерін қолдаймыз. 
Канада баспасөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық әрекеттеріне, соның ішінде БАҚ бостандығы коалициясы арқылы белсенді қатысады. Қазақстандағы және Қырғыз Республикасындағы Канада Елшілігі тәуелсіз журналистиканың көмегімен өңірлердегі проблемаларға назар аудару үшін фактілерді тексеру, жалған ақпаратқа қарсы күрес жобаларын және БАҚ-ның іс-шараларын қолдайды",
– деп жазылған Елшілік таратқан баспасөз хабарламасында.

Кездесуге Канада елшісінен басқа АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Нидерланды, Швейцария, Польша, Швеция, Литва, Греция, Португалия, Румыния, Болгария, Израиль, Словакия, Еуроодақ, ЕҚЫҰ елшілері және Корея Республикасы, Жапония, Франция, Венгрия, Латвия, БҰҰ дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.