Дәмхана басшысы қазақша мәзір сұрағандарды "фашист" деп айыптап, қызмет көрсетуден бас тартқан

Qaz365.kz редакциясы

Алматыдағы кафелердің бірінде қазақша мәзір сұраған тапсырыс берушіні кафе басшылығы "фашист" деп айыптаған

Коллаж: qaz365.kz

Күлтегін Аспанұлы есімді фейсбук қолданушысы жариялаған видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Алматыдағы кафелердің бірінде қазақша мәзір сұраған тапсырыс берушіні кафе басшылығы "фашист" деп айыптаған, деп хабарлайды qaz365.kz 

Видеодан "Мына кісі біздің құқығымызды таптап жатыр. Бізге қызмет көрсетуден бас тартты. Және қазақша мәзір сұрағанымыз үшін "националист", "фашист" деп айтыптады", деген сөздерді анық естуге болады.  Сондай-ақ оқиға соңына қарай полиция қызметкерлері келгенін және тапсырыс беруші кафе иесінің айыппұл төлеп, халық алдында кешірім сұрасын деген талабын тыңдауға болады. 
Ал әлеуметтік желіге жариялаған Күлтегін Аспанұлы төмендегідей жазба қалдырған.


"Қазақша сұрасаң фашиссің бе?
Қазақша ас мәзірін сұрау – «фашист» атануға себеп болмауға тиіс! Тіл саясаты комитеті
ҚР Бас прокуратурасы, 
Алматы қаласының прокуратурасы,
Алматы қаласының Полиция департаменті,
ҚР Ішкі істер министрлігі,
арыздан нәтиже болуына атсалысуға міндетті.
Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан "Атамекен", істің ақ-қарасын айырмай жатып кәсіпкерді орынсыз жақтай бермей, парақшаның атауын және отандық бизнесті қазақшаға бейімдесеңіздер екен. Бүгін Алматы қаласының «Динара» кафесінде болған жағдай. Құқық қорғау органдары баянат дайындап, іс қозғауы керек", - деп жазады ол.

Айта кету керек, ҚР тiл туралы заңының №151, 21-бабына сәйкес, "Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады".