Экс-депутат Назарбаев мектептерінің атауын ауыстыруға қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Сондай-ақ, НЗМ мектептеріндегі мұғалімдердің айлық мәселесі туралы да айтып өтті

Коллаж: qaz365.kz

Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев Зияткерлік мектептерінің атауын ауыстыруға байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі. Ол бұл туралы Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.

 

“Назарбаев мектебінде он жылдан астам қызмет еттім. Мектептің атауын өзгертуді халық шешуі керек. Бізде Конституциялық негізде биліктің күші – халық. Егер халық атауын өзгерту керек десе, мен қолдаймын”,- деді Мәжілістің экс-депутаты. 

 

Одан бөлек, ол Назарбаев мектептеріндегі бірқатар проблеманы атап өтті. Әрі Талғарда ашылған аралас мектепке қатысты да пікір білдірді

 

“НЗМ мектептеріне сіз бен біздің салықтан бөлінетін қаражат болғандықтан, жұмсалған қаржы туралы сараптамалық ақпарат жоқ. Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, осы мектептерге кетіп жатқан қаражатты халықтың алдында есеп беру керек. Осыдан екі апта бұрын ата-аналар шағымданып, хабарласты. Айтуынша, таңғы және түскі асқа бөлінетін қаржыны оларға ескертпестен қысқартып тастаған. Бөлініп жатқан қомақты қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын қоғамның алдында жауап беру керек”, – деді ол.

 

Сондай-ақ, НЗМ мектептеріндегі мұғалімдердің айлық мәселесі туралы да айтты.

“НЗМ мұғалімдері орта мектеп мұғалімдерінен екі есе аз айлық алады. Магистратура, PhD докторантураға бөлінетін үстеме ақшаны НЗМ мұғалімдері алмайды. Млрд-тап бөлініп жатқан қаражаттың есебін беретін күн жетті”, – деді Жұлдыз Сүлейменова.