Кахраманмараштың Пазаржык ауданында сағат 4:17-де магнитудасы 7,4 баллдық жер сілкінісі болса, Газиантепте 6,4 және 6,5 балдық екі жер сілкінісі болды
Түркияның орталық бөлігінде 6 жерде жер сілкінісі болып, 30-ға жуық адам қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Апат және төтенше жағдайларды басқару президенттігінің (AFAD) сайтындағы ақпаратқа сәйкес жер сілкінісі Кахраманмараштың Пазаржык ауданында таңғы сағат 4:17-де болды.
Магнитудасы 7,4 болатын жер сілкінісі 7 шақырым тереңдікте болды.
AFAD сайтындағы ақпаратқа қарағанда Газиантептің Нұрдағы ауданында сағат 04:26-да 6,4 балдық, Газиантептің Ислахие ауданында сағат 04:36-да 6,5 балдық жер сілкінісі болды.
Магнитудасы 6,5 болатын жер сілкінісі 9,77 шақырым тереңдікте болды.
Жер сілкінісі салдарынан Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Малатия және Хатайда кейбір ғимараттар қирады.
Кахраманмараш губернаторы Өмер Фарук Жошкун Пазаржык ауданында болған 7,4 балдық жер сілкінісіне қатысты «Қазір қираған ғимаратпен өлген және жараланғандар санын айту мүмкін емес. Зақым ауыр» деп айтты.
Османие губернаторы Эрдинч Йылмаз қалада 34 ғимараттың қирағанын, 5 адамның қаза тапқанын, құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.
Малатия губернаторы Хулуси Шахин алғашқы анықтаулар бойынша 130 ғимарат қирағанын, 100-ден астам жаралы барын, 3 адамның денесі қиранды астынан шығарылғанын жеткізді.
Шанлыурфа губернаторы Салих Айхан «(Жер сілкінісінде) 15 азамат қайтыс болып, 30 азамат жараланғанын мәлімдеді.
Диярбакыр губернаторы Али Ихсан Су 6 ғимарат қирап, 6 азамат қаза тауып, 79 азамат жараланғанын айтты.
Ақпарат толықтырылып жатыр.