Мүмкіндігінше, жүктіліктің арасы 2-3 жыл болғаны дұрыс
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық ауруханасында дені сау баланы дүниеге әкелуі, оны өсіру және саналы ұрпақты тәрбиелеу мақсатында семинар өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы ретте Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының Отбасын жоспарлау мектебінің акушер-гинеколог дәрігері Ж.Мүсірәлиева жас аналар мен қыз-келіншектерге семинар сабақ өткізді.
Семинар барысында бала көтеріп, дүниеге дені сау бала әкелуге дұрыс дайындалуға бағытталған мәліметтер берілді. Сонымен қатар, отбасын жоспарлаудың заманауи әдістеріне тууды бақылау, репродуктивті көмекші технологиялар және отбасын жоспарлау бағдарламалары түсіндірілді.
«Семинар жастардың отбасын жоспарлаудың заманауи ережелері, оның ішінде контрацепция әдістері туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастрырылған. Сонымен қатар, балалы болу уақыт аралығын анықтауға, контрацепция мен бедеулікті емдеудің қауіпсіз әдістерін дұрыс таңдауға және қолдануға үйретеді. Баланы өмірге әкелуді жоспарлауға 19-35 жас аралығы оңтайлы жас болып саналады. Мүмкіндігінше, жүктіліктің арасы 2-3 жыл болғаны дұрыс, өйткені әйел адам өзінің денсаулығын нығайтуға және сәбидің денсаулығының мықты болуы мүмкіндігі артады. Жүктілік арасының жиілігі немесе ұзақтығы әйел ағзасына да, өмірге келетін сәбидің болашағына да, өз әсерін тигізбей қоймайды», - дейді дәрігер.
Дәрігердің сөзінше, ең бірінші отбасын жоспарлау кезінде екі жұптың саналы қабылданған шешімінен кейін дайындық жүруі керек. Екі жұптың да зиянды әдеттерінен арылып, дұрыс тамақтану ережелерін сақтап және болашақ сәбидегі туа біткен ақаулардың болуының алдын алу мақсатында арнайы препараттарды дәрігердің кеңесімен қабылдауы тиіс.