Таразда "Қаңтар оқиғасы" кезінде қайтыс болған марқұмдарды сот кінәлі деп таныды

Qaz365.kz редакциясы

7 ақпанда Тараз қаласының 2-сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамның ісі бойынша сот процесінде үкім жарияланды

фото: azattyq

Тараз қаласының 2-соты Қаңтар оқиғасына байланысты "кінәлі" деп таныған тоғыз адамның бесеуі былтыр қаңтарда мерт болған. Олардың туыстары үкімге наразы, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап.

7 ақпанда Тараз қаласының 2-сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамның ісі бойынша сот процесінде үкім жарияланды. Былтыр 23 қарашада басталған сотқа тартылған тоғыздың бесеуі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда мерт болған. Оларға "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айыптар тағылған.

Судья Судья Бағлан Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың барлығы былтыр қаңтардың алтысына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекеттерін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқан", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтаған, тасымалдаған жəне алып жүргені" айтылған.

"Сотталушылардың кінəсі дəлелін тапты", – деді судья Төребекұлы.

Сот Марат Бекбаудың бұған дейін де сотты болғанын ескеріп, оны екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтеуге үкім етті.

Асхат Ташекеевті де екі жылға бостандығынан айырып, амнистияға ілінуіне байланысты сот залынан босатты.

Ғани Керімбаевты үш жылға бостандығынан айырды. Оған "Рақымшылық туралы" заңының қолданылуына байланысты сот оның жаза мерзімін қысқартып, жаза мерзімінің өтелуіне байланысты Керімбаев сот залынан босатылды.

Сот Нұрбол Ережеповке де үш жыл қамау жазасын кесіп, "Рақымшылық туралы" заңы бойынша оның жаза мерзімін қысқартып, шартты түрде 9 айға бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ал былтыр қаңтарда оққа ұшып қаза тапқан Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайға жаза тағайындамағанымен, сот бесеуін де кінәлі деп таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тараз соты "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі" деп таныған марқұмдардың туыстары үкімге наразы. Олар сот процесі кезінде куәлік еткен күш құрылымдарының сарбазы 6 қаңтарда Таразда БТР-дан 91 оқ атқанын мойындағанын айтып, билік күштері жазықсыз жандарды себепсіз атып өлтірді деп есептейді. Биліктен марқұм туыстарын толық ақтауды және бейбіт адамдардың қазасына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.