"Масс-медиа туралы" жаңа заң қабылданса, ақпараттың рас-өтірігін тексеру қиындайды - фактчекер

Qaz365.kz редакциясы

Ол бұл заң Қазақстанды басқа елдер арасындағы халықаралық рейтингтерде төмендететінін  айтты

Фото: Qaz365.kz

8 ақпанда Астана мен Алматыда журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, «Масс-медиа туралы» заң жобасының шикі тұстарын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Фактчекер Думан Смақов бұл заң Қазақстанды басқа елдер арасындағы халықаралық рейтингтерде төмендететінін айтты. Оның айтуынша, бұл заң осы күйінде күшіне еніп кетер болса, ақапарттың рас-өтірігін тексеру, яғни деректерге фактчекинг жасау қиындайды. 

“Заң жобасының тікелей нормаларына келетін болсақ, жұмыс тобы толығымен пресс-картаны қабылдауға  бірауыздан барлығымыз қарсы болдық. Біздің пікіріміз далаға кеткеніне наразымыз. 
Заң жобасында ақпараттың шынайылығы туралы мәселе бар. Заң жобасында ақпарат шынайылығы анықталмайды. Мемлекеттік орган көрсеткен ақпарат шынайы болып есептеледі. Президент мырзаға жасаған үндеуімізде де айтып өттік. 1999 жылғы БАҚ туралы заң мен Телерадиохабар тарату туралы заңның қосындысын редакциялаған түрі ғана. Сондықтан, толығымен заман талабына сай, «Жаңа Қазақстан» принципіне сай, демократиялық елдің сөз бостандығына сай барлық принципіне жауап беретін заңның қабылдануын талап етеміз”
, – деді фактчекер.

Оның айтуынша, бұл заң Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатына және ашықтық принципіне толығымен қарсы.

«Заң өте шикі. Біз тәуелсіз журналистер, медиа сарапшылар, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің немесе ведомствааралық комиссияның массовкасы сияқты сезінеміз өзімізді. Пікіріміздің басым бөлігі елеусіз қалған. Бұл заң Президент Тоқаев мырзаның жүргізіп отырған саясатына және «Жаңа Қазақстан» принципіне ашықтық принципіне толығымен қарсы. Бұл заң Қазақстанның рейтингісін сөз бостандығы бойынша  көтермейді, керісінше 50 немесе 100 сатыға төмендетуі мүмкін. Сондықтан, журналистердің құқығын шектейтін, журналистерді алдайтын, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін былайша айтқан кезде оларды «тырп» еткізбейтін қатал заңды қабылдағанша, оны қабылдамаған жақсы», – деді Думан Смақов.