Жарық дүниені үйінді астынан тапқан қыз

Qaz365.kz редакциясы

Бірақ ол анасын да, әкесін де, бауырларын да ешқашан көрмейді.

Ашық дереккөздерден

Сәрсенбі күні сириялық құтқарушылардың бірі құлаған үйдің астынан жаңа туған қызды алып шықты. Тірідей. Тіпті кіндік бауы анасынан үзіле қоймаған. Бұл кадрлар төрткүл дүниені дереу шарлап кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Шақалақ зілзаланың басында туғанда шетінеп кетуі де ғажап емес еді. Дегенмен, көрер жарығы бар екен. Ол алапат жер сілкінісінен кейін 10 сағат өткенде табылды. Дәрігерлерге сенсек, нәресте апаттың алдында бірнеше сағат бұрын ғана өмірге келсе керек. Қызды өзі көміліп жатып өмірге әкелген әйелдің аты-жөні - Афраа Әбу Хадия. Өкінішті. Перзенті оны ешқашан көрмейді. Бөбектің анасы да, бабасы Абдуллах Түрки Млейхан да, төрт бауыры да қаза тапты. Әке мен балалар үйден ұзап үлгермеген тәрізді. Мәйіттері босағаның алдынан табылды.

Әлем жұртын елең еткізген драмаға толы оқиға Түркиямен шекаралас шағын ғана Джиндерис қаласында болды. 3175 салмақпен бұ жалғанның есігін ашқан сәби Африн қаласы балалар ауруханасының инкубаторында жатыр. Кіндігін көрші әйел кескен. Доктор Хани Мааруф айтқандай, жаны сірі қыздың арқасы соншалықты көгергені болмаса, жағдайы тұрақты, аяқ-қолын сермей алады.

Джиндерис - Сирия үкіметіне бағынбайтын көтерілісшілер бақылауындағы аймақта. Ал, марқұм Афраа Әбу Хадия мен оның отбасы - оппозиция қарамағына қашқан миллиондаған сириялықтар қатарынан. Олар бұл шаһарға Дейр-әз-Зур провинциясындағы ауылдарын "Даиш" қарулы тобы жаулап алғанда бас сауғалап барыпты.

Сирияда азаматтық соғыс басталғаннан кейін "Ақ каскалар" атты азаматтық қорғаныс отрядтары пайда болды. Олардың міндеті – құтқару. Дүниеге мәшһүр ұйым Ресейдің немесе Асад армиясының бомбалау операцияларынан қираған үйлердің астынан талай адамды шығарды. Тәжірибесі мол. Дегенмен, жер сілкінісі олар үшін – жаңа сынақ. 

"Бірақ, бұлардың екеуі де апат — бірі 12 жылдан бері жалғасып келе атқан әрі қылмыскері жауапқа тартылмаған апат болса, екіншісі табиғи. Өлім мен өлімді салыстыра алмаспыз. Біз дүйсенбіден бері куә болып отырған жайтты - өлім үстіне өлім деп қана сипаттауға болады", - дейді "Ақ каскалар" басшысының орынбасары Мунир Мұстафа АР агенттігіне берген сұқбатында.

11 миллионға жуық адам зардап шекті

Онсыз да 12-жылдық сұм соғыстан теңселген Сирияда жер сілкінісінен 3000-нан астам жан тәсілім еткен. Мұны Дамасктегі үкімет те, солтүстік-батыстағы құтқарушылар да айтып отыр.

Әскери жанжалдан бұл араб республикасы екіге айрылды. Оның үстіне инфрақұрылымы әбден қираған. Сондықтан, жер дүмпуінен күл-талқаны шыққан елді мекендерге жәрдемдесу қиынға соғып отыр. Дегенмен, куәгерлер мен шекарашылардың айтуынша, бейсенбі күні алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық конвойы Түркиядан Сирия аумағына өткен.

Сирия үкіметі болса, көтерілісшілер қол астындағы солтүстік-батысқа Түркиядан көмек жеткізілуін елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу деп есептейді.

БҰҰ-ның көмек жөніндегі лауазымды өкілі әл-Мұстафа Бенламлиһ мәлімдегендей, Сирияда дүйсенбідегі табиғи ойраннан 10,9 миллион адам немесе халықтың шамамен жартысы зардап шекті. 

Тағы бір айта кететін жайт, Сирияның БҰҰ-дағы елшісі сәрсенбіде сөз сөйлеп, ел үкіметіне соғыс пен санкциялар кесірінен құрал-жабдықтар мен өзге де мүмкіншіліктер жетіспей жатқанын мойындады. 

Президент Башар Асад болса, жер сілкінісіне байланысты үкіметтің төтенше отырысын шақырғанымен, ұлтқа ешқандай үндеу жолдаған жоқ және арнайы баспасөз маслихатын да өткізбеген.