Тек шенеуніктер емес, қарапайым халыққа да есік ашық – «Almaty Resort» шипажайының басшысы

Qaz365.kz редакциясы

"Біздің басты қағидамыз – халықтың көңілінен шығу, жайлы орта жасап беру"

«Almaty Resort» шипажайының басшысы Гүлжанат Аманжолқызы Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берді. 

- Гүлжанат Аманжолқызы, кезінде тек министрлік қызметкерлері, лауазымды тұлғалар ғана демалып, емделетін Алатау етегіндегі шипажайды басқара бастағаныңызға көп болған жоқ. Сізді жаңашыл адам деп естідік. Сондықтан да әңгімелесуге келіп отырмын. Жаңашылдық болғанда, бұл мекемеге қазақы иіс сіңіруге күш салып, ас мәзірінің өзіне ұлттық тағамдарды енгізе бастапсыз. Жақында «Қазақы бөлме» деген ашылыпты. Ол не?

- Бірден айта кетейін, мұнда тек шенеуніктер келіп емделмейді, ол бұрыннан қалған ұғым. «Almaty Resort» емдік-сауықтыру шипажайы ҚР Президентінің Іс Басқармасына, соның ішінде Медициналық Орталыққа қарайды. Сондықтан халықтың денсаулығы үшін қарапайым адамдарға медициналық көмек беруге есігімізді ашып қойғанымызға талай жыл болды. Яғни кез-келген адам осында келіп, дәрігерлерімізге қаралып, ем-дом алады. Ал «Қазақы бөлмеге» келсек, оның негізгі атауы «Сенсорлы бөлме». Бірақ мұнда демалып жатқан азаматтар бірден «Қазақы бөлме» деп атап кетті. Халық айтса, қалт айтпайды. Өйткені онда қазақ оюлы текемет, сырмақ төселген тапшанда отырып та, жатып та демаласыз. Анығырақ айтқанда, дәрігерді нұсқауы бойынша ем-дом аласыз. Бөлме ішінде алма ағашының жанында Көктөбеде жатқандай сезінесіз. Қабырғаны Алатау алып жатыр. Оң жақ экранда қазақтың жусанды, селеулі даласы үздіксіз шығып тұрады. Алдыңыздағы үлкен экранда Қазақстанның табиғаты көрсетіледі. Маңғыстаудың үстірті, Алтай мен Алатау, Шарын каньоны, өзендер мен бұлақтарымыз дегендей. Ақырын ғана қазақы әуен немесе күй ойнап тұрады.

 

- Ғажап екен. Дегенмен нақтылағым келіп отыр. Ол бөлменің адамның жүйкесін тыныштандырудан басқа артықшылығы бар ма?

- Жаңа дәрігердің нұсқаулығымен ғана деп бекер айтқан жоқпын. Сенсорлық бөлме – қабылдау жүйелерін: иіс сезу, тактильді, есту, көру, дәм сезу және вестибулярлық органдардың жұмысын арттыру ұшін құрал-жабдықтармен жабдықталған арнайы орта. Кей адамдардың әртүрлі аурудан кейін сезім мүшелері нашарлап кетеді. Оны қалпына келтіру үшін дыбыс, жарық, әртүрлі реңді түс, иіс қоздырғыштары қолданылып, массаж жасайды. Уақыт өте келе жарық және түсті терапия көру органдарын жақсартады. Жұмсақ, жылы түстертыныштық пен релакцияны қамтамасыз етеді, жүйкені қалпына келтіреді. Ашық түстер толғандырады. Жарық фотондары сырттан қабылдайтын күнделікті әртүрлі ауытқулардың ырғағын бірқалыпты қылуға, иммунды процестерді, жалпы адамның жағдайын жақсартуға бағытталған.

Дыбыстық терапия кезінде есту қабілетіне ерекше әсер етеді. Процедура барысында адам музыкадан ләззат алады, ал бозторғайдың, шегірткенің шырылы, бұлақтың сылдыры, сарқыраманың гүрілі, жапырақтың сыбдыры жүйкеңізді тыныштандырады.

Ароматерапия иіс сезіміне әсер етеді. Кей адамның аллергиясы болатындықтан, тыныштандырғыш жалбыз, лимон бальзамы, лаванда немесе алма иісін қолданамыз. Қосымша тұзды шамдар қойылады.

- Бәрі түсінікті. Өте жақсы нәрсе екен. Ал ол бөлмеге кез келген уақытта баруға бола ма?

- Тағы да қайталап айтайын, тек дәрігердің рұқсатымен, жазып берген нұсқауымен ғана. Бөлме арнайы маманның бақылауында. Бару және ішінде қанша уақыт болуы туралы кестесі жасалып отырады.  Шараны бір адам жеке қабылдауы немесе топтық (3 – 6 адамға дейін) болуы мүмкін. Оның ішінде қанша уақыт болуын да маман белгілейді. Мысалы дамыту сессиясы – 15-тен 30 минутқа дейін, ал жұйке жүйесіне байланысты ем-дом бір сағатқа дейін созылады.

- Бұдан бөлек қымызхана ашты деп естідік...

- Иә. Дұрыс естігенсіз. Қымызхана болғанда, бұрын демалушыларымыз тамақтанатын мейрамханынң кіреберіс дәлізі тар әрі қараңғылау болатын. Сол жерді кеңейтіп, жарығын самсатып, қабырғаға қазақы тұскиіз, домбыра іліп, енді бір қабырғасына жылқының бейнесін оюмен салып, демалушы азаматтарымыз шүйіркелесіп отырып, оюлы шарамен қымыз ішетіндей қылып қойдық. Біздің басты қағидамыз – халықтың көңілінен шығу, жайлы орта жасап беру.

 

- Гүлжанат Бұғыбаева ханым, түсіндіріп бергеніңіз үшін рақмет!

- Сізге де рақмет!