Орал әуежайын ресейлік миллиардермен байланысы бар компания сатып алды

Qaz365.kz редакциясы

Әуежай жақында ғана жер қойнауын пайдаланушы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының есебінен қайта жаңғыртылған болатын. Атқарылған жұмыстың құны - 6,6 млрд теңге.

Ашық дереккөздерден

 

«Мәншүк Мәметова атындағы «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС жақында меншік иелерін ауыстырды, деп хабарлайды Qaz365.kz uralskweek.kz-ке kz сілтеме жасай отырып.

Әуежайдың бұрынғы иесі лицензиясынан айырылған Bek Air авиакомпаниясымен аффилиирленген «Беркут аэропорт» ЖШС еді. Кеңсесі Орал қаласында орналасқан болатын.

Оралдағы жаңа әуежай ғимараты қайта жаңғыртудан кейін 2022 жылдың сәуір айында пайдалануға берілді. Енді әуежайдың жаңа құрылтайшысы – «Орал аэропорт холдинг» ЖШС. 2022 жылдың шілдесінде құрылған бұл компанияның үш иесі бар:

1.    Ресейдің Екатеринбург қаласында тіркелген «Ретранс» АҚ. Бұл компанияның бұған дейін ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысы болған.

2021 жылдың қорытындысы бойынша компания тиімсіз болса да (- 2,1 миллион рубль) және оның штатында тек бір адам болса да, ол Магнитогорск әуежайына иелік етеді. Оны жекешелендіру аукционында 1 миллиард рубльге сатып алған.

Бұдан басқа, «Ретранс» «Аэропорты регионов» арқылы Вексельберг бақылайтын «Ренова» тобына тиесілі авиациялық активтерді басқарады. Холдингке Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Дондағы Ростов, Жаңа Уренгой, Петропавл-Камчатский, Благовещенск, Орынбор және Тобольск әуе порттары кіреді.

«Ретранс» АҚ-ның ресми түрдегі негізгі иесі – «Ренованың» бұрынғы топ-менеджері Владимир Резер (акциялардың 90%).

2.    «Орал менеджмент» ЖШС. Бенефициар және компания басшысы – «Орал аэропорт холдинг» ЖШС басшысы Сергей Артюгин. Оған сондай-ақ АХҚО-да тіркелген, күн энергиясын өндірумен айналысатын Caspian Solar компаниясы да тиесілі.

3. Дәулетхан Қилыбаев. Бұрын Қазақстанның Даму Банкінде, «ҚазАзот» АҚ-да басшылық қызметтер атқарған. Соңғысы, 2021 жылғы жағдай бойынша, Дінмұхамет Ыдырысов, Бахаридин Аблазимов, Ержан Достыбаев және Тимур Құлыбаевқа («Joint Resources» АҚ арқылы) тиесілі болды. Қазір меншік иелерінің құрамы өзгерді.

Сондай-ақ, Қилыбаев - бірқатар компаниялардың басшысы және тең құрылтайшысы, оның ішінде екеуіндегі («Qazaqpay» және «KKS Digital») серіктесі Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы Жармұхамед Аппаз болып табылады.

Әуежай жақында ғана жер қойнауын пайдаланушы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының есебінен қайта жаңғыртылған болатын. Атқарылған жұмыстың құны – 6,6 млрд теңге. Жөндеу жұмыстары басталмас бұрын, яғни 2018 жылы, әуежай дирекциясы жобаны қаржыландыра алмайтынын мәлімдеген соң, әуежай ғимараты мен ұшу-қону жолағы уақытша «Ақжайық» ӘКК» балансына берілген еді.