Інім әскери қызметкер болғысы келген еді...
Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп кеткен еді. Марқұмның туыстары күдіктілерді ұстап, тиісті жазасын бергенін талап етіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін Талғарда туыстары жиналып, тілшілерге сұхбат берді. Марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың барлығын қамауға алмағанын айтты.
«Олардың барлық қылмыскерлерді ұстап, бізге көрсеткенін қалаймыз. Бізді теледидарға шақырып жатыр. Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді», - дейді Бақыт Реймова.
Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Басы қақ айырылып кеткен деп отыр.
«16 жасар баланы анасының көзінше айуандықпен өлтірді. Қансырап жатқанында біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған. Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?», - дейді марқұмның әпкесі.
Туыстарының айтуынша, Талғардағы төбелеске кемінде 13 адам қатысқан. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.
Шерзаттың әкесі бүгін бейнеүндеу жариялап, әділ сот талап етті. Алматы облысының полициясы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.
"Туыстары күдіктілер жергілікті тұрғындар дейді. Олардың барлығы бір ауылда тұрған, бірақ жеке таныс болмаған. Төбелеске қатысушылардың бәрі ұсталды.
«Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев.
Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.
Айта кетейік, оқиға 4 қазанда болған. Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған. Төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жас жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Болат сыраның ақшасын төлеуді талап еткен. Арада жанжал туындаған. Болаттың інісі мен ұлы, 16 жастағы Шерзат клиенттен кетуді сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Арасында үш-төрт қыз да болған.
Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған.