Абай облысында Ертіс өзеніне Сібір бекірелерінің шабақтары жіберілді

Nur-Altay Umirzak

Бекірелердің орташа салмағы 12 грамм

Абай облысында Ертіс өзеніне Сібір бекірелерінің шабақтары жіберілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Абай облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен Жаңасемей ауданына қарасты Шаған ауылының маңындағы Ертіс өзеніне 128 мың сібір бекіресінің шабағы жіберілді.

Бұл акция Ертістегі бағалы балық түрі – Сібір бекіресінің популяциясын қалпына келтіруге бағытталған. Сонымен қатар, бұндай іс-шаралар аймақтағы биологиялық әртүрлілікті сақтауға ықпал етеді.

Қыркүйек айында Жаңасемей ауданындағы Шүлбі су қоймасына да 83 мың сазан жіберілді. Сонымен қатар, «Oilfish» ЖШС және «БШ ҒЗИ» ЖШС-нің бастамасымен қыркүйек айында Крупская ауылында жергілікті су қоймаларын бекіре тұқымдас балықтармен қорландыру акциясы өтті. Осы акция барысында Ертіске орташа салмағы 12 грамм болатын бекіре тұқымдас балықтар жіберілді.