Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылды
Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылды. Оның құрамында балалардың құқықтарын қорғау Комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар.
Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы тапсырылды, - делінген мәлімдемеде.
2022 жылдың 30 наурызында білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Министрлік білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітті.
Бұған дейін Петропавлда оқушы мектепке пышақ пен балта алып кіріп, оқушыларды жаралағанын жазған болатынбыз.