Алматылықтар академик Төрегелді Шармановты еске алады

Nur-Altay Umirzak

Шара Қазақ тағамтану академиясының мәжіліс залында өтеді

baq.kz

 19 қазан 2024 жылы Қазақ тағамтану Академиясына 50 жыл, «Нутрициология» кафедрасының 30-жылдығына арналған жəне академик Төрегелді Шармановты туылған күніне орай еске алу кездесуі өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

  Академик Төрегелді Шарманұлы Шарманов, “Қазақстанның Еңбек Ері”, екі рет ҚР Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы Леон Бернард атындағы сыйлығының иегері, Қазақ Тағамтану Академиясының негізін қалаушы, тұрақты президенті.

Төрегелді Шарманұлы Шармановтың басқаруымен Академияның 50 жылдық тарихында тамақтану саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бірегей база құрылды. Олар салауатты тамақтану және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ұлттық саясатты қалыптастыруға, халықтың әртүрлі топтары үшін энергия мен тағамдық заттектерге физиологиялық қажеттіліктердің нормасын  әзірлеуге, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне, балалар және функционалдық тағамдық өнімдерді құрастыру және өнеркәсіптік өндіруге, сондай-ақ ғарышкерлерге, әскери қызметкерлерге, спортшыларға, қарт адамдарға және басқа да санаттағы адамдарға арналған тағам өнімдерін ғылыми әзірлеуге бағытталған. 


Қызметтің ең маңызды бағыты – тағамтану ғылымы саласындағы білікті мамандар даярлау, сонымен қатар ағарту жұмысы. Бұл бағытпен С.Ж.Асфендияров ат.Қазақ ұлттық медицина университетінің «Нутрициология» кафедрасы айналысады. Кафедра 1994 жылы университеттің емдеу, педиатриялық, медициналық-профилактикалық факультеттерінің студенттерін дайындау мақсатында, медициналық ЖОО-да ұйымдастырылған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы және жалғыз кафедра болды.

«Нутрициология» кафедрасы құрылуының 30 жылдығына орай, оның негізін қалаушы академик Т.Ш. Шармановтың есімін  тағайындау рәсімі өткізіледі. 
Еске алу кездесуінде белгілі денсаулық сақтау саласының жетекшілері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, академик Т.Ш. Шармановтың замандастары қатысады. Шара 19 қазан, Алматы қаласы Клочков к-сі 66, ғимараттың кіреберісінде және Қазақ тағамтану академиясының мәжіліс залында өтеді.