Сенат төрағасы «бәрін қаралау» артықтау дейді
Біріккен Араб Әмірліктерінде 1500-ге жуық қазақстандық жылжымайтын мүлікке ие. Бас прокуратура бұл мүлікті сатып алудың заңдылығын тексереді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Сенат кулуарында парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Мәулен Әшімбаев Дубайда мүлкі бар қазақстандықтар оны қайдан алғаны тексерілуі керек пе деген сұраққа жауап берді.
«Бұл сұрақты Бас прокурарутарың активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасына қойдыңыздар. Солар жан-жақты жауап берер. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде комитет төрағасы бұл мәселелер жұмыс бабында қаралатынын айтты. Егер сол активтер заңсыз шығарылған болса, олар тиісті тізімге кіргізіледі. Қай жақтан алынғаны туралы нақты жұмыстар жүргізіледі. Білуімше, 1500 қазақстандықтың Дубайда әртүрлі дүниелері, мүліктері бар көрінеді. Бірақ олардың бәрін қаралау артықтау болатын шығар. Оның ішінде кәсібімен айналысып заңды түрде табысын тауып, алғандар да бар шығар. Сондықтан оның бәрін тиісті комитет заңның аясында қарайды», – дейді Мәулен Әшімбаев.